Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Атырауға іссапармен келген Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысымен жеке танысып шықты

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.

Ол өңірдегі ашықтық, айқындық және есептілік қағидаттарының қалай іске асып жатқанымен танысты.

Аталған агенттік төрағасы іссапардың бірінші күні Жылой және Махамбет аудандарын аралады.

Осы орайда, Жылой ауданы халқының әлеуметтік әл-ауқаты мәселесіне ерекше назар аударылды. Агенттік Төрағасы Құлсары қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығы мен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімінің фронт-офис жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда көрсетілетін қызметтер жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға мол мүмкіндік береді.

«Клиентке бағдарлану және азаматтарға қолайлы жағдайларда қызмет көрсету қазіргі заманғы мемлекеттік аппараттың басым міндеті болып табылады. Мемлекеттік қызметшілер халықтың сөзіне құлақ асуы тиіс, ал азаматтың алдында бюрократиялық қабырға туындамауы тиіс» дейді әлеумет үшін ең маңызды нысандарды өзі аралап шыққан Алик Шпекбаев.

Мемлекеттік органдардың мұндай трансформациясы қоғам үшін ауадай қажет. Бұл – өзара белсенді іс-қимыл жасаудың үлгісі. Мемлекеттік аппарат азаматтардың сұранысына уақытылы және сапалы түрде жауап бере білуі керек.

Бүгінгі таңда Атырау облысында фронт-офистер мен «опенспейстер» форматында елуге жуық мемлекеттік орган мен мекемелер жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, электрондық мемлекеттік қызметтерді қолдану да қолжетімді болуы қажет. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдіктері мен мектеп ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар. Онда әкімдіктердің арнайы оқытылған қызметкерлері мен информатика пәнінің оқытушылары азаматтарға кеңестер беріп, көмек көрсетеді. Яғни, электрондық үкімет порталынан өз бетімен қолжетімді қызмет алуға жәрдемдеседі.

Бұдан әрі, агенттік төрағасы Жылой ауданының азаматтарын жеке қабылдады. Бірнеше ай бойы шешімін таппаған өзекті мәселелер көтерілді.

***

Ал, жұмыс сапарының келесі күні Алик Шпекбаев Махамбет ауданының «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалының жаңа әкімшілік ғимаратында болды. Мұнда ағымдағы жылы 23 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның ішінде, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы электрондық онлайн-форматта көрсетілген қызмет – 12 мыңнан астам.

Агенттік төрағасы өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасының орындалғанын атап өтті.

«Қазақстан Электрондық үкіметті дамыту бойынша озық 30 елдің қатарына кіреді. Көрсетілетін қызметтердің 90 пайыздан астамы халық үшін онлайн режимде қолжетімді болып табылады. Бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты барынша азайтты» деді ол.

Халықпен кездесу барысында Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзгерістері туралы да егжей-тегжейлі айтып берді. Кәсіпкерлік қызметке араласып, заңсыз қатысу мәселесі, парақорлық және оған делдалдық қызмет көрсеткендерге жауапкершілікті күшейтуге, сондай-ақ ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жоюға баса назар аударды.

Енді пара бергені үшін санкция үштен бес жылға дейін, айтарлықтай мөлшерде (139 мың теңгеден астам) пара бергені үшін – бестен жеті жылға дейін және делдалдық үшін – екіден үш жылға дейін ұлғайтылды. Айта кету керек, айтарлықтай мөлшерде пара беру ауыр қылмыстар санатына өтеді. Осылайша, пара берушілер шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігінен айырылады. Бірнеше рет не қылмыстық топ немесе адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған парақорлыққа делдал болғаны үшін сотталған адамдар да осындай зардап шегеді.

Сондай-ақ, ол азаматтық қоғамның күнделікті сыбайлас жемқорлықты жоюға араласуы мен қызығушылығының маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін Агенттік «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің, арнайы мониторингтік топтардың, ақпараттық-ағартушылық штабтардың және «Ашық бюджет» пен «Адал көмек» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларының шеңберінде барлық жағдайды жасап, тиімді құралдарды қолданып отыр.

Ең бастысы, бүкіл қоғамның оң өзгерістерге деген ынта-ықыласы мен ерік-жігері, сондай-ақ елдің әл-ауқатын дамытуға жекелей үлес қосуға дайын болуы өте маңызды. Агенттік төрағасы осыған зор мән беру керектігін қоса айтты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button