Атырауға әкелінген жеміс көшеттерінің жаңалығы неде?
Atr.kz/9 сәуір, 2020 жыл. Көктемде кезекті көркейту-көгалдандыру жұмыстарының басталатыны белгілі. Осы орайда, Атырауға сертификатталған 11 түп жеміс ағаштарының көшеттері әкелінді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау қалалық аумақтық инспекциясы мамандарының мәліметінше, бұл күндері жергілікті бау-бақша өсіруші бағбандар өз учаскелеріне шығып, көшет отырғызуға дайындық қамына кіріскен.
Ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, саяжайлардағы қарекеттің қыза түсуіне коронавируске байланысты жарияланған карантин де себепші болғанға ұқсайды. Өйткені, үйлерінде отырған қолы бос адамдарда бұл шаруаға қажетті уақыт жеткілікті. Қайсыбірі тіпті, әлеуметтік желілерге шығып, көшет пен тұқымды қайдан алуға, қай кезде, қалай отырғызуға болатындығы жайлы кеңестерімен бөлісуде.
-Әрине, мұны құптарлық жағдай десек те, әр жерден алынған талшыбықтардың бәрі бірдей отырғызуға жарамды бола бермейтінін естен шығармағанымыз абзал. Оның үстіне, егер көшеттер сырттан әкелінсе, оларды елдің ішінде пайдалануға рұқсат беретін сертификат болуы тиіс. Осы жағын қаперге алып, күні бүгінге Түркістан облысының Сарыағаш қаласынан он бір мың түп жеміс ағаштарының көшеттерін жеткіздік.
Айта кету керек, сертификат олардың фитосанитариялық бақылаудан өткендігін, яғни қауіпсіз екендігін растайды. Алайда, кейбір жағдайларда тиісті құжаты жоқ, карантиндік нысан болып есептелетін көшеттердің көптеп әкелінетінін көріп жүрміз. Ал мұның өзі қауіпті болып есептелетінін ескере бермейміз, - дейді инспекция басшысы Шолпан Жұмахметова.
Оның түсіндіруінше, фитосанитариялық бақылаудан өткізіліп, сәйкесінше сертификатын иеленбеген өнімдер немесе карантиндік нысандар өзімен бірге көптеген өсімдік зиянкестерін ала келуі ықтимал көрінеді. Негізінен құрт пішінінде болып келетін мұндай кеміргіштер жеміс ағаштарының тамыры мен бұталарына түсетін болса, ойдағыдай өсіп-жетіліп, өнім беруі екіталай. Ондай жағдайда, жекелеген ағаштарды ғана емес, тұтастай алқапты зиянкестерге қарсы қолданылатын химиялық препараттармен (пестицидтер) бірнеше рет химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді.
Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын қала аумағындағы Бесікті ауылында алма ағаштары отырғызылған учаскені калифорния қалқаншасы жаулап алған. Содан үш жыл қатарынан жүргізілген химиялық өңдеу жұмыстарының нәтижесінде ғана жеміс бағын құтқарып қалуға мүмкіндік туған.
Оның үстіне, қала базарларында көшеттерден бөлек, әр жақтан жеткізілген түрлі гүлдердің өскіндері мен тұқымдарының сатылатыны мәлім. Бұларда көбінесе нематод құрттары, қауын шыбыны мен томат сүмелегі сияқты кең тараған зиянкестер кездеседі. Сондықтан, жеміс ағаштарының көшеттерін немесе гүлдердің тұқымдарын сатып алғанда олардың сыртқы түріне, бүлінген тұстарының бар-жоқтығына, фитосанитариялық сертификатының болуына көңіл бөлген дұрыс. Ал, жоғарыда айтылған сақтық шаралары алынып, бабы келіскен бақтың берер ырыздығы да мол болары даусыз.
Дәулетқали АРУЕВ