
Атыраудың жаңа бас санитарлық дәрігері тағайындалды
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жаңа басшы келді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен аталған лауазымға Әлия Бекешева тағайындалды.
Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Әлия Аюпқалиқызы 1970 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде «гигиенист-эпидемиолог» мамандығын тәмәмдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының дәрігер-эпидемиологы болып бастады. Әр жылдары Атырау қалалық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында түрлі лауазымдарда, дәрігер-эпидемиолог, санитарлық дәрігер, еңбек гигиенасы, тамақтану гигиенасы бөлімдерінің басшысы болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы, бөлім басшысы қызметтерінде болды. Бүгінге дейін Атырау аталған департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды.