АТЫРАУДЫҢ ҚЫРАН ПЕРЗЕНТІН ЕСКЕ АЛДЫ
Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Айдын Айбаровтың 100 жасқа толуына еске алу кеші өтті
Атырау елінің абыз ақсақалы, мемлекет және қоғам қайраткері, І дәрежелі «Отан соғысы», «Даңқ» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Айдын Аққалиұлы Айбаров ортамызда болса, осы қазан айының 16-сы күні 100 жасқа толып, өлкеміздің ардақты перзентінің ғасырлық мерейтойын тойлап жатқан болар едік.
Атаулы күнге орай облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен тарихи-өлкетану мұражайында ардагердің есімі мен ерлігін ұлықтау мақсатында тағылымды шара өткізілді. Ол «Атыраудың қыран перзенті» деп аталды.
Кештің шымылдығы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың кіріспе сөзімен ашылды.
–Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері елінің есінде сақталған біртуар перзентерін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап айтқан болатын. Бүгінгі шараның басты мақсаты да сол. Ерлік пен елдіктің, батырлық пен батылдықтың үлгісі ретінде танылған, асылдық пен азаматтықты өн бойында сақтаған, бір ғасырлық ғибратты ғұмыр кешкен тау тұлға – Айдын Аққалиұлы ағамыздың өмір жолы, өрлігі мен өжеттігі өскелең ұрпаққа өнеге, тәрбие мектебі саналады. Ол өз отбасы-шаңырағының, әулетінің ғана емес, дүйім елдің арқасүйер, ақыл-кеңесі мен бәтуалы сөзін айтар, батасын берер қариясы, ағынды дариясы еді,- деп түйіндеді ойын Мұрат Сақтайұлы.
Келесі сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға берілді.
–Әрине, бүгін Айдын Аққалиұлы сынды Атыраудың қыран перзентін еске алу күні. Бұл кісі туралы өткен шақта сөйлеу де оңай емес.Бір шүкіршілік етері – өзі өмірден өткенмен соңында ғибратқа толы ғұмырын ғасырдан ғасырға жалғастырар ұлағатты ұрпағы, майдандағы қайталанбас ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегін, халқы үшін атқарған адал да абыройлы қызметін кейінгілерге дәріптейтін, есімін ұмытпайтын, есінде сақтап ұлықтайтын ел-жұрты қалды. Көңілге қонымдысы сол, біртуар тұлғаны еске алу шарасында үш буын өкілінің бас қосуы дер едім. Басқосуға қатысып отырған жасы үлкен аға-апаларымыз Айдын атамыздың көзін көрген, қатар жүріп, үзеңгілес қызмет атқарса, орта буынға кіретін біздің өзіміз де ол кісінің тәлім-мен тәрбиеге толы әңгімелері баталы сөздерін тыңдап, естіп өстік. Бұдан былай осы үрдістің кейінгі буынға жалғасатынына кәміл сенімдімін. Сондықтан да, осындай тағылымды шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған азаматтардың баршасына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың атынан шынайы ризашылығым мен алғысымды білдіремін, — деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Бұдан кейін Айдын Аққалиұлы туралы естеліктерімен Атырау облысының Құрметті азаматтары Есен Тасқынбаев, Мәдина Ғабдысәлімова, Төкен Жұмағұлов және басқалары бөлісті. Соңынан ардагер ұрпақтары атынан сөз алған Кенжан Айдынұлы кешке жиылып, жылы лебіздерін арнаған көпшілікке рахметін айтты.
Д.Аруев.