Атыраудың бас мешітінде жеті мыңнан астам жамағат айт намазын оқыды
Atr.kz/5 маусым, 2019 жыл. Бүгін елімізде қасиетті Ораза айт басталды.
Орталық «Иманғали» мешітінде оқылған Ораза айт намазын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан Мансұров жүргізді. Осылайша, жеті мыңнан астам жамағат бір мезгілде имамға ұйып, құлшылық жасады.
«Күллі мұсылман қауымы отыз күн оразадан кейін шәууәл айының бірінші күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Айлардың төресі, барша мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы қайырымдылық, құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік айы болса, Ораза айт осы айдың шүкіршілігі ретінде өткізілетін, екі ұлық мерекенің бірі» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.
Жамағатқа қасиетті мереке құрметіне мешітте айттық дастархан берілді. Осы мақсатта мешіт ауласында бірнеше киіз үй құрылды.
Бұл мереке бүлдіршіндер үшін тіптен ерекше жағдай жасап жатыр. Мешіт ауласына балалар үшін батут, екі бірдей карусель орнатылды. Бұдан бөлек, бүлдіршіндерге таң ертеңгісімен екі мың балмұздақ таратылды.
Сонымен бірге, мешіттің ерлер жамағаты арасында кір тасын көтеру, қол күрес, қазақша күрес спорттық ойындары бойынша жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.
Дереккөз: islam-atyrau.kz