Атыраудың аудандарында жүргізуші куәлігі пошта арқылы беріліп жатыр
atr.kz/15 қыркүйек, 2020 жыл. Бұдан былай көлік иелері жүргізуші куәлігі мерзімінің аяқталуына байланысты өтінішті ХҚО-да рәсімдейді де, дайын болған құжатты пошта арқылы алдыртады.
Бұл, әсіресе, Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарының тұрғындары үшін тиімді болуда. Өйткені, осыған дейін олар Атырау қаласының мамандандырылған ХҚО-на жүгінетін.
Енді осы аталған өңір халқы өз аудандарындағы ХҚО-на барып, куәліктерін жаңарта алады.
Ынтымақтастық жөніндегі келісім барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиал директоры Мұса Хайруллиев:
– Өзара ынтымақтастығымыз жемісін береді деп ойлаймын. Өйткені, бұл шалғай аудандардың
тұрғындары үшін өте қолайлы болмақ. Осыған дейін олар уақытын және қаражатын жоғалтатын. Бұдан кейін аудан тұрғындары ХҚО арқылы өтініш жолдап, өз мекен-жайларын ғана көрсететін болады. Ал, біздің қызметкерлер бұл өтінішті мемлекеттік органға жолдайды. Құжат дайын болған соң ол қаладан аудан орталығына пошта арқылы қызмет алушының үйіне жеткізіледі. Мерзімі өткен ескі құжатты пошташы кері алып кетеді. Бұл, сөз жоқ, халыққа қызмет көрсетудің сапалы да тиімді жолы болмақ, — дейді.
Қосымша ақпар ретінде айтарымыз, қызмет алушылар үшін құжатты жеткізіп беру қызметінің құны – 470 теңге. Облыстағы екі ірі – Жылыой мен Құрманғазы аудандарының тұрғындары жүргізуші куәліктерін өз аудандарындағы ХҚО бөлімдерінен ауыстыра береді. Өткен сегіз айда облыстағы 18 мыңға жуық тұрғын жүргізуші куәлігін ауыстырып үлгерген.