Атыраудың АУАСЫ қашан ТАЗАРАДЫ?
ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ СЕРІКҚАЛИ БРЕКЕШЕВТІҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ МАХАМБЕТ АУДАНЫНДАҒЫ БАҚСАЙ КАНАЛЫНЫҢ ЖАЙЫМЕН ТАНЫСУДАН БАСТАЛДЫ.
Каналдар қашан жөнделеді?
Бақсай каналын жергілікті халық Жайық өзенінің бір саласы санайды. Ол Махамбет ауданының Жалғансай ауылы тұсынан бастау алып, көршілес Исатай ауданының Жанбай селосына барып тіреледі. Оның игілігін аталған елді мекендер тұрғындарымен бірге, шаруа қожалықтары да көріп отыр. Жайықтан су алатын каналдардың және насос станцияларының мүшкіл халі көп жылдардан бері көтеріліп келеді. Бұдан орталықтағылар да хабардар. Осы себепті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2022-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарлама жасақтаған болатын. Оның негізінде алдымен республикалық меншіктегі «Нарын» каналы қайта қалпына келтірілуі тиіс. Белгілі болғаны, ол алдағы наурыз айында сараптамадан өткізіледі. Қалғанын жөндеу үшін су ресурстары комитеті арқылы сұраныс берілген. Жоба бойынша Махамбет ауданындағы Есбол –Қазыбай каналына 487 млн. теңге, Бақсайға 481 млн., Зборныйға 500 млн. Индер ауданындағы Ақсай суландыру жүйесіне 500 млн. теңге сұралып отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Атырау халқын алаңдатқан мәселеге қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, жуырда Ресеймен Жайық проблемасы бойынша екі келісім жасалған. Қазір өзенге Ириклин су қоймасынан 200 млн. текше метр су келуде. Осы мөлшерден төмендемесе, Жайықтың деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Шешімін таппаған мәселе
Министр арнайы барып танысқан Бақсай каналына байланысты проблема шешімін таппай отыр. 1952 жылы пайдалануға берілген суландыру жүйесінің жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Қазіргі су айдап тұрған насос станциясы 1983 жылы орнатылған. Алайда, оның бүгінде әбден тозығы жеткен. Насосты агрегаттың екеуі ғана жұмыс жасайды. Канал бойындағы бөгеттер мен шлюздерді тазалау да кезек күттірмейтін іс. Енді каналды қалпына келтіру үшін екі жүзбелі станция, трансформатор, су жинайтын бассейн салу көзделуде. Оның құны шамамен 1 миллиард теңге. Каналға Жайықтан су тарту да үлкен күшке түсуде. Себебі өзен арнасы соңғы жылдары төрт метрге дейін түсіп кеткен. Соңғы жылдары облыстық бюджет есебінен жеті каналдың жөнделгені белгілі. Мамандар «бұл олардың 40 жылдан бері жөнделіп тұрғаны» деп түсіндіреді. Былтыр кешенді бағдарлама негізінде жөндеуден өтуі тиіс суландыру жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамалары тапсырылды. Енді бір каналдың ғана құжаттамасы қалып тұр. Ол биыл бітуі керек. Басты мәселе – жобалық-сметалық құжаттамалар жасалғаннан бері екі жылдай уақыт өтті. Үшінші жылға кетсе мерзімі өтіп кетеді екен. Сондықтан бұған министрліктің көмегі қажет-ақ. Ал, Есбол – Қазыбай каналына бастапқыда 4,5 млрд. теңге бөлінсе, арнаны 2024 жылға дейін жөндеп бітіруге болады. Мамандардың ұсыныс-пікірлерін зер сала тыңдаған министр бұл мәселенің аяқсыз қалмайтынын айтты.
Ауыл іргесінде мұнай ағып жатыр
Бақсайдың экологиялық проблемасы да жоқ емес. Селолық округтің орталығы Таңдай селосына жақын жерде ұңғымадан мұнай ағып жатыр. Оның пайда болғанына көп жылдар өтіпті. Соған қарамастан ол әлі күнге жойылмаған. Осының салдарынан ауа бүлініп, оған ауылдың малы түсіп кетіп жатыр. Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыштың айтуынша, «К-33» деп аталатын бұл мұнай ұңғымасының иесі жоқ. Махамбет ауданының теңгеріміне де берілмеген. Қаражат бөлінбеуіне байланысты иесіз ұңғымаларды жою жұмыстарының да жүргізілмегендігі белгілі болды. Осындай нысандар республика бойынша алты жерде бар екен. Енді оларды жою мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жобалықсметалық құжаттамалар әзірлемек. Ал, 2023 жылы жою жұмыстары атқарылады. Бұл істі қолға алуға құлшынып отырған кәсіпкерлер де бар көрінеді. Алайда, бұл жедел атқара қоятын жеңіл-желпі іс емес. Сондықтан жұмысқа кәсіби мамандары бар құрылымдар керек. Көпшілікті «бұл жерден мұнай өңдіруге бола ма?» деген сұрақ қызықтырады. Дегенмен бұл жердегі шикізат таза болмай шықты. Бұл су, мұнай араласқан, тағы да басқа қалдықтары бар ұңғыма. Айта кету керек, бұл жерде 2014 жылы «Ембімұнайгаз» компаниясы жою жұмыстарын жасамақ болған. Олар біраз сұйықты сорғызып алғанымен, тереңіне бойлай алмапты. Мұнай ұңғымасының жайына қаныққан министр бұл жобаға министрліктен 50 млн. теңге бөлінетінін айтты. Бұдан соң министр Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге аймақтың экологиялық жағдайына қатысты мәселе қаралған жиынға қатысты. Мұнда көпшілікті алаңдатқан экологиялық ахуал, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Атап айтқанда, атмосфералық ауаның жағдайына жүргізілген мониторинг қорытындысы 45 өндірістік мегаполистің ішіндегі 10 қаланың ауасы ең ластанған болып саналады. Сол өңірлердің қатарына Атырау қаласы да кіреді. Егер 9 қаланың ауасының ластану себептері жылу орталықтарымен, жеке сектор және өндіріс орындарымен байланыстырылса, Атырау ауасының бүлінуі атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы, кәріздік тазарту құрылғыларының ескіруі мен оның салдарынан пайда болған лай қалдықтары, қаланың сол жақ бөлігіндегі «Тухлая балка» булану өндірісінің зардаптарымен байланысты болып отыр.
«Тухлая балкадан» қашан құтыламыз?
Бүгінде Атырау қаласында өндірістік кәсіпорындар бөлетін шығарындылар көлемі 35,1 мың тоннаны құрайды. Оның 33,5 пайызы – Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесіне тиеді. Ал, «Тухлая балка» булану өндірісінің және НКОК, ТШО өндірістік объектілерінің салдарынан атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы соңғы кезде жиі тіркелуде. «Тухлая балка» булану алаңының көлемі 1336 гектарды алып жатыр. Алаңды қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылдың сәуір айында басталып, алаң екі учаскеге бөлінген. Қала әкімдігінің теңгеріміндегі 476 гектарын қалпына келтіру жұмыстарының жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген жоба 2023 жылдың қараша айына аяқталады деп күтілуде. Алаң 5 бөлікке (картаға) бөлініп, 1-ші карта бойынша 50 мың шаршы метр жер қамыстардан тазартылып, кептірілуде. Ал, қалған бөліктердің карталарын тазалау, жаңғырту биыл жалғасын таппақ. Осыған байланысты Серікқали Брекешев Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасында көрсетілген мерзімге сәйкес, «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіруді аяқтауды тапсырды. Министр мұнайлы өңірге сапары барысында Атырау қаласының сол жағалауындағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кәріздік-тазарту ғимаратының (КТИ) құрылысына ерекше назар аударды. Облыс орталығының оң жақ бөлігіндегі қуаттылығы тәулігіне 31 000 текше метр кәріздік-тазарту қондырғысын қайта жаңарту жұмыстары басталған болатын. Республикалық бюджетке 21,2 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім жасалса, биыл 2,0 млрд. теңге бөлінген.
Жол картасы бойынша жүзеге асады
Бұдан әрі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын Атырау қаласының қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысымен танысты. Нысанды 2022 жылы Жол картасында көрсетілген мерзімде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуде. Онда қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату экологиялық жағдайды жақс артудың тиімді құралдарының бірі болып табылады. Сапар қорытындысы бойынша ведомство басшысы Жол картасын мерзімінде орындау мақсатында, сондай-ақ жақын арада елдің жаңа Экологиялық кодексіне сәйкес катализаторлар, сүзгілер және басқа да ОҚТ орнатуды қарастыратын атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға бағытталған нақты іс-шараларды жоспарлауға тапсырма берді. Табиғатты қорғау іс-шараларын орындауға бағытталған жобаның бірі – «Tazalyq» жобасы. Бұл АМӨЗ-дегі ағынды суларды тазарту құрылысын қайта жаңғыртып, булану алқаптарын қалпына келтіреді. Сондай-ақ аталған кәсіпорын қолданып отырған тазалау қондырғылары ағынды сулардағы зиянды заттардан мейлінше тазартады. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында булану нәтижесінде атмосфераға бөлінетін зиянды ауа жойылады. Министр осы аталған жобалармен танысып, алдағы атқарылатын бірқатар жұмыстарды көпшілікке жеткізді.
Диас ТАРАСҰЛЫ
Сурет: Расул СЕРІКОВ