Атыраудың аспанын белгісіз қара бұлт қаптады (+ВИДЕО)
Atr.kz/19 қазан, 2020 жыл. Атырау облысы бойынша экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
17 қазанда Facebook әлеуметтік желісінде «АМӨЗ» ЖШС тарапынан шығып жатқан түтін бойынша бейнеролик орналастырылған болатын.
Аталған факті бойынша, Атырау облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері сол күні оқиға орнына барып, кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ауа сынамасын алды. Зертханалық талдау нәтижесі бойынша, күкіртсутегі, азот оксиді, азот диоксиді, көміртегі оксиді және көмірсутек бойынша ШРК-дан асқан жоқ. Метеопараметрлерге сәйкес желдің бағыты оңтүстік-батыс, ауа температурасы 9 С.
Сонымен қатар, Департаментпен «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.
Аслан ЖЕҢІСҰЛЫ,
Атырау облысы бойынша экология департаментінің ресми өкілі