Атырауды тануды «Атыраудан» бастаңыз!
Atr.kz/30 қазан, 2019 жыл. Белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлы «Атырау» газетіне жазылуға қолдау көрсету жөнінде кәсіпкерлерге Үндеу жариялаған болатын. Игі бастаманы қолдап жатқан азаматтар баршылық және одан әрі де жалғасын тапса деген тілегіміз де жоқ емес.
200 оқырманға – мол мүмкіндік
Елге танымал кәсіпкер ағамыз Төкен Танаұлының Үндеуінде айтылған игі бастамаға қолдау білдіремін. Бүгінгі таңда серіктестікте жұмыс жасайтын 200 адамның бәрі «Атырау» газетін келер жылы толығымен алдыратын болады.
Сондай-ақ, әлеуметтік осал топқа жататын ауылдастарымызды да газетке жаздыруды ойластырып отырмыз.
Аманжол ЕСҚАРАЕВ,
«Бірінші мамыр» ЖШС директоры, Махамбет ауданының Құрметті азаматы
Бастаманы бірауыздан қолдаймыз!
Ел ағасы Төкен Танаұлының аймақ кәсіпкерлеріне жолдаған Үндеуіне мен де үн қосқанды құп көрдім. Сөйтіп, бірнеше ауылдасымның «Атырау» газетін жыл бойы тегін оқуына жағдай жасамақпын. Елінің болашағына алаңдайтын әр азамат мүмкіндігі жетсе, өз қалтасынан қаржы қарастырып, газетке қолдау білдіріп отырғаны дұрыс деп ойлаймын.
Мәрзия ӘБІШЕВА,
«Аружан» ет өңдеу цехының директоры,
Қызылқоға ауданы
Бас редакторға жеделхат
Облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы И.Балмағамбетовке Құрманғазы аудандық білім бөліміне қарасты ұжымдарда төл газетімізге жазылу басталып та кетті. Былтыр облыстық газетке 407 адам жазылған болса, биыл 450 оқырман «Атырау» газетіне жазылуды межелеп отыр.