Жарнама
Жаңалықтар

АТЫРАУДЫҢ АСТАНАДАН ҮЙРЕНЕРІ КӨП

Тұтастай алғанда, алпыс жылдан астам тарихы бар «Астана-Зеленстрой» АҚ 2005 жылдың шілде айындағы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен, бұрынғы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру жолымен құрылған.
Жұмысын негізінен төрт кезеңге бөліп, рет-ретімен жүргізудің арқасында кәсіпорын содан бергі уақытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Бүгіндері, «Астана-Зеленстройдың» қарамағындағы, яғни, бағым-күтіміндегі жасыл желек алқабының жалпы аумағы 608 гектарға жеткен. Оның басым бөлігін бас шаһардың шырайын келтіріп, көшелерінің көркін кіргізер тал-теректер, саябақтар, қалғанын гүлзарлар құрайды. Соның ішінде мұнда сәндік әрі биік те зәулім болып өсетін ағаштардың бірнеше ондаған түрі өсіріледі. Осылардың арасынан, әсіресе жаз мезгілінде қызылды-жасылды құбылған түстерімен айрықша рең беріп тұратын гүлзарлардың ауданы 169 мың шаршы метр көрінеді. Өсімдіктердің ландшафттық әртүрлілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жаңа сорттарын жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіпорынның өз шеберханасы бар.
Қазіргі уақытта акционерлік қоғамда инженер-техник қызметкерлер мен маман-жұмысшыларды қоса алғанда барлығы 2200-ге тарта адам еңбек етеді. Түрлі жұмыстарды атқаруға 200-ге жуық арнаулы көлік пен техника тартылған. Өткен тоғыз жылда кәсіпорынның күшімен жалпы көлемі 57 млрд. теңгенің жұмысы атқарылған.
Осындай деректерді алға тартып, жиналғандарды алдағы уақытта атқарылуы жобаланып, жоспарланған іс-шараларының тұжырымдамасымен егжей-тегжейлі таныстырған «Астана-Зеленстрой» АҚ-ның өкілдері Елорда аумағының жылдан-жылға кеңейіп, «EXPО-2017» халықаралық көрме-байқауының өткізілуімен байланысты жүктелетін міндеттер мен жұмыс ауқымының да ұлғаятындығын баяндады. Ұсыныс түсіп, іскерлік байланыс орнатылып жатса, келешекте қаланы көгалдандыру мәселесінде атыраулықтармен де тәжірибелерін бөлісіп, керекті кеңестері мен көмектерін беруге ниетті екендіктерін жеткізді.
Жиынға басшылық жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев та мұны құптап, атыраулық әріптестерін астаналықтармен бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button