АТЫРАУДЫҢ «АЛТЫН САПАСЫ»
— Бауыржан Өтепқалиұлы, алдымен конкурсқа қатысуға не себеп болды, сол жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.
— «РауанНалко» кәсіпорны халықаралық «Налко Чемпион» (Nalco Champion) компаниясымен бірлескен кәсіпорын болып табылады. Атышулы «Налко Чемпион» компаниясы 160-тан аса әлем елдерінде қызмет көрсетеді. Оның акциялары қазір «Ecolab Inc.» компаниясының құнды қағаздар нарығында айналыста.
2011 жылы желтоқсан айында Елбасымен болған телекөпір барысында «РауанНалко» ЖШС өндірістік базасы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Мұнда химиялық реагенттерді өндіру барысында шығарылатын өнімнің сапасына баса назар аударылады. Химиялық реагент дегеніміз – мұнай эмульсиясымен, парафиндердің молекулярлық түзілімімен, жер қабатындағы коррозияны тудыратын немесе тұз түзетін иондармен тікелей химиялық реакцияға түсетін зат. Өнімнің 100-ден астам түрі шығарылады.
Айта кету керек, универсалды химиялық реагент жоқ. Өйткені, әр мұнай кен орнындағы мұнайдың құрамы өз алдына қайталанбас қасиетке ие. Сондықтан, химиялық реагенттер белгілі бір кен орнына қарай таңдап-талданып отырады. Осы орайда біз шығаратын өнімнің сапалы екенін барша тұтынушыларымыздың мойындағанын қалаймыз. Бұл ретте «Алтын сапа» республикалық байқауы өз септігін тигізеді деп сенеміз.
— Ендеше, өнім сапасын арттыру үшін не істейсіздер?
— Біздің кәсіпорын «Интертек Муди» (Intertek Moody) компаниясының халықаралық ISO-9001, ISO-14001, OHSAS-18001 стандарттарымен сертификатталған. Қызметкерлеріміз жыл сайын біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау мен кәсіби дайындықтан өтіп отырады. Сондықтан да, «НалкоЧемпион» компаниясы бізге өнімдерді қолдану, сату және импортқа шығаруға эксклюзивті құқығын берді. Сондай-ақ, серіктестіктің Атыраудан басқа Ақтау, Ақсай, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында филиалдары орналасқан. Онда білікті инженерлер еңбек етеді.
— Шығарылған өнімді бүкіл дүние жүзіне танытудың қандай жолдары бар?
— Тұрақты тұтынушыларымызды дер кезінде ақпараттандырып отыру үшін арнайы www.rauannalco.kz сайты жасақталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында компания жөнінде мерзімді мақалалар жарияланып тұрады. Компания қызметкерлері жүз пайыз Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Ал, химиялық реагент СТ-КЗ сертификатын иеленген. Шетелге танылу үшін осының өзі де жеткілікті.
Химреагенттер белгілі бір мұнай мен су көзі арқылы өндіріледі. Сондықтан, компания инженерлері кен орындарында өндірілетін мұнай мен жерасты суының құрамындағы өзгерістерді жіті бақылауда ұстайды. Ол үшін үздіксіз мониторинг жүргізіліп отырады.
Компанияның жеке заманауи өз зертханасы бар. Қажет кезде онда жаңа химиялық формула әзірленеді. Ол формула өз кезегінде тәжірибелік-өндірістік сынақтан өтуі тиіс. Мұның бәрі де еліміздегі кен орындарындағы жұмысты тұрақтандыру үшін жасалып отыр.
— Бұған дейін кәсіпорын басқа да өңірлік, республикалық және халықаралық байқау-көрмелерге қатысып көрді ме?
— Кәсіпорын ұжымы әртүрлі мұнай-газ көрмелеріне қатысып жүр. «Көмірсутектік саладағы инновация» көрмесінде «Химиялық реагенттердің өндірісі» жобасын қорғап, ҚР Энергетика министрлігінің дипломына ие болды. Көрме Қазақстан мен Ресей Елбасыларымен өңіраралық байланысының IX Форумы шеңберінде қос елдің қатысуымен өткен еді. Ал, биыл кәсіпорын Қаражанбас кен орны үшін жоғары шайырлы мұнайды дайындауға арналған «Рандэм-2208» деэмульгаторы реагентін ұсынып, байқауға қатысты. Ал, «Алтын сапа» конкурсына 2012 жылдан бері қатысып келеміз. Бұл жолы да жеңіске жетеміз деп сенемін.
Әңгімелескен
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.