Атыраудан Алматыға жету қымбатқа шығады
Әлеуметтік желіде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап №29 «Атырау–Алматы» жолаушылар пойызының бағыты өзгергені туралы ақпарат тарады. Енді бұл пойыз тек Атыраудан Шымкент қаласына дейін баратын болды. Себебі, осы бағытта жолаушылардың сұранысы тұрақты түрде артып келеді екен. Сондықтан, Шымкент қаласы №29 пойыздың соңғы пункті болып қалып отыр.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі аталған өзгерістер 15 желтоқсаннан бастап пойыздардың қысқы кестеге
көшуіне байланысты екенін айтты. Жергілікті тұрғындардың ренішін туғызғанымен, бұл шешім жолаушылар ағынының мұқият талдануы және тасымалды оңтайландыру саясатының негізінде қабылданыпты.
Енді Атырау мен Алматы арасына тек №41/42 «Тальго» пойызы қатынайды. Жолаушылар Алматыға басқа пойыздарға ауысып
отыру қызметі арқылы да өздеріне ыңғайлы бағытты таңдай алатын көрінеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның анықтама бөлімінен білгеніміздей, «Тальго» пойызының Шымкентке дейінгі жолақы құны 25830 теңге болса, Алматыға дейінгі билет бағасы – 32537
теңге. Наурыз айындағы бағасы да осы мөлшерде екен.
Соған қарағанда, тұрғындардың реніші де орынды. Бұрын №29 пойыздың бағасы сәл де болса арзан болатын. Енді жолаушылардың пойызбен қатынауы да қалтаға қиын соққалы тұр.
Былтыр «Атырау–Алматы» бағыты бойынша Атырау облысынан 37299 жолаушы тасымалданса, «Алматы–Атырау–Алматы» бағыты бойынша 463030 жолаушы сапар шегіпті.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Сурет: rail-news.kz