
Атыраудағы жазғы сауықтыру мекемелері жаңа маусымға дайын ба?
Облыста биылғы жазғы демалыс маусымында балаларға арналған маусымдық қос сауықтыру лагері жұмыс істейді. Олар — Индер ауданындағы «Жас өркен» және Махамбет ауданындағы «Арай» лагерьлері. Бұл туралы Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақова брифинг барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жаңа маусым басталар алдында жазғы сауықтыру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы тексеріліп, дайындық шаралары кешенді түрде жүргізілді. Өткен жылғы маусым қорытындысы бойынша анықталған кем-кетіктер ескеріліп, биыл ақпан және наурыз айларында лагерь басшыларымен және білім беру басқармасымен бірлесіп 1 семинар-кеңес және 1 жұмыс кездесуі өткізілді.
– Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – басты назарда. Жыл басынан бері 94 кеңес беріліп, 24 семинар, 1 жұмыс кеңесі және 1 семинар-кеңес ұйымдастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік желіде 20-дан астам ақпарат пен 12 тікелей эфир өтті, — деді А.Ысқақова.
Жуырда облыстық білім беру басқармасымен бірлескен кең көлемдегі семинар өткізіліп, лагерь басшылары, медицина қызметкерлері, қоғамдық тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлер мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен таныстырылды.
Спикердің мәліметінше, биыл маусымдық лагерьлердің әрқайсысына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жауапты мамандары бекітіліп, дайындық барысы бақылауға алынған.