Атыраудағы мектеп асханаларынан кемшіліктер анықталды
Атырау облысындағы мектептер мен балабақшаларда ыстық тамақпен қамту бойынша өткізілген сатып алу барысында заң талаптары бұзылған, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеріс кезінде анықтады. Департамент басшысының орынбасары Жалғас Букаевтың айтуынша, жуырда мемлекеттік аудиторлар білім ошақтары мен балабақшаларда ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтері мен азық түлікті жеткізу бойынша конкурстар бойынша әлеуетті өнім берушілерден түскен арыздардың нәтижелері шыққан. Айталық, осы бағытта департаментке 462 лот бойынша жүзге тарта өтініш түсіп, қаралған. Сол 462 лоттың ішінде 248 лот бойынша арызда көрсетілген уәждер өз дәлелін тапқан. 71 лоттыкі негізсіз деп танылған. 143 лот бойынша өтініштер ішінара қанағаттандырылған. «Арыздар бойынша жүргізілген 15 аудиторлық іс-шара қорытындысымен (87 лот) жалпы сомасы 264783,7 мың теңгенің сатып алу қорытындысына әсер ететін бұзушылықтар анықталды, бүгінде департамент Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңның 5-бабына сәйкес белгіленген ден қою шаралары қолданылып, аудит нысандарына мемлекеттік сатып алу шешімдерін бұзу туралы нұсқамалар жолданған. Конкурс қорытындылары жарамсыз деп танылған»,-дейді Жалғас Букаев.
Ал, 375 лотқа қамералдық бақылау жүргізіліп, 304 лот бойынша жалпы сомасы 438431,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталып, оларды жою туралы хабарлама жолданды. Оның ішінде 293 хабарлама бойынша 431389,6 мың теңгенің конкурс қорытындылары сәйкестендірілді немесе тиісінше орындалған.
Есепті кезеңде жолданған хабарламалар тиісінше орындалмай, 103 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырылып сотқа жолданған болатын. Оның 48-і бойынша сомасы 1 423,1 мың теңге айыпұл салынып, бюджетке толық өндірілді. «Мұндай заң бұзушылықтар оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілерінің ыстық тамақпен үздіксіз қамтамасыз етілуіне кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан, департамент анықталған олқылықтарды алға қарай да болдырмау мақсатында 2023 жылдың 1-тоқсанында Индер, Мақат, Жылыой аудандарында аудандық білім бөлімдеріне қарасты мекемелердің, кәсіпорындардың сатып алуды жүзеге асыратын басшылары мен мамандарымен кездесу өткізді. Мұндай шараларды ұдайы өткізіп отыру жоспарда бар»,-дейді департамент басшысының орынбасары.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Сурет: Freepik.com