Жарнама
ЖаңалықтарЭкологияҚоғам

Атыраудағы киелі кесененің айналасы адам шошырлық күйге түскен…

Қасиетті орын қоқыс құрсауында қалды…

Қазақ алдымен Алласына құлшылық етіп, содан соң, әулие-әмбиелер аруағына құран бағыштайды. Мұндағысы «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанғандары болса керек.

Әлімсақтан әулиесін ардақтаған елдің ұрпағымыз. Біздің айтпағымыз, Атырау-Құлсары күре жолының бойында, Доссор кентінен Атырау бағытына қарай 30 шақырымында орналасқан әулие Оңай ата қорымы туралы болмақ. Бұл кісіні жергілікті халық «Оңай ата» атап кеткен. Оңай атаның кесенесі – қасиетті орын. Бірақ оның айналасы лас-қоқыс пен әжетханаларға, аумағынан таза ауаның емес, сол жердегі эстакадада жөнделетін үлкен жүк көліктерінің түтіні мен майынан көз аштырмайтын орынға айналып барады. Қалдықтар айналаның сиқын алып, ластап жатқанына жолаушылар куә. Май сасыған орында алыс жолды артқа тастар ауыр көліктерден шығатын қатты қоқыс қалдықтар ыбырсытып барады.

Мәселе осыдан он жыл бұрын «Мақат тынысы» газетінде де көтерілген еді. Бірақ сол күйінен еш өзгермеген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындарды қастерлеп, халықтық құндылықтарымыздың мәдени-рухани салмағын арттыра түсуді міндеттегені мәлім. Аудан тұрғындары, әсіресе ауыл ақсақалдары бұл жөнінде биік мінберде де көтеріп келеді.

Ескене кентінің тұрғыны Мырзағара Хасанов: «Мен бұл жөнінде облыс әкімінің алдында мәселе етіп қойып, есепті жиын кезінде айтқан едім. Шынымен де, қасиетті орын ерекше қорғалуға жатуы тиіс. Неге біз қасиет сөзін лас сөзімен қатар қолдануымыз қажет?» десе, ауданның Құрметті азаматы Ерғазы Жоламанов бұл жайттың орын алғанына әуелден наразы екендігін білдірді.

– Кезінде қасиетті орынға эстакада салудың өзі де үлкен қателік деп ойлаймын. Көптеген жолаушылар, соның ішінде автобус жолаушылары Оңай атаның басына дұға тілек айтуға емес, өз мұқтаждықтарын өтеуге тоқтайтыны рас. Себебі, такси немесе автобус жүргізушілерінен жолда аялдауды сұраған жолаушыларға: «Кішкене шыдай тұрыңыздар, қазір атаның басында әжетхана бар», — деген сөзі күнделікті жауапқа айналған. Атаның басындағы әжетханада аяқ басатын жер жоқ. Ол күнделікті көрініске айналып отыр, — деді қынжылып.

Ақсақал айтқандай, жөн білетіндері білетін «бісмілләсін» айтып, ата басына барып дұға бағыштап жатса, «қысылғандар» көліктерінен түсе сала қарсы бетке құстай ұшады. Сонда мұны ата аруағына көрсетілген құрмет деп айта аламыз ба? Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов мәселенің мән-жайына қанықтығын, бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке де хат жолданғанын мәлім етті.

– Кейбір жолаушылар сол жерде орналасқан «Ақсары» асханасына тамақтануға тоқтайды. Аталарының басын жеке кәсібіне айналдырған ұрпағына не айтуға болады? Бұл қасиетті жер табыс табуға арналмағандығын, керісінше құрметтеп ұлғылайтын орын екенін кәсіпкер түсінуі керек. Сондай аруақты жерге кәсіпкерлік нысанын салуға ойланбастан шешім шығарған сол кездегі Қызылқоға ауданы әкіміне де назымыз бар. Кәсіпкерліктің дамуына ауыл азаматтарының қарсылықтары жоқ, бірақ аруақтың басында емес қой! Атаның жатқан жерін бизнес көзіне айналдырған үлкен қателікті жоятын уақыт келген сияқты, — дейді ақсақал.

Облыс басшысына өтініш еткен бір топ ардагер мен аудандық мәслихат депутаттары ата зираты басында, үй-жайлары маңына ешбір талғамсыз қолда бар құрылыс материалдары арқылы төрт түлік малына қора салған жандардың әрекетіне наразылығын білдірген еді.

Нақтырақ айтқанда, «ҚазАвтоЖол» мекемесінен жолаушыларға арналған әжетханаларды Оңай атаның зираты басынан алып, оны «Атырау-Доссор» тасжолының екі жақ бетінен басқа орынға орналастыру, яғни, талапқа сай әжетхана салдыртып, бұрынғы атаның басындағы әжетханаларды, көлік жөндейтін эстакаданы бұздыртып тазалату, «Ақсары» асханасын заң талаптарын сақтай отырып, 1-2 шақырым қашықтыққа көшіру, қора-қопсыларды алдыртып, орнын тазарту; ата жерленген қауымға, алдағы уақытта жерлеу жұмыстарын тоқтату және бар зиратты қоршау мәселесін көтерген еді.

Таяуда мәселенің бірнеше инстанциялардан өтіп, тиімді шешілу жолы ашылғаны жөнінде хабар келді. Яғни, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Ж.Башаров республикалық маңызы бар А-27 «Ақтөбе-Атырау» РШ (Астрахан бағыты) 543 шақырымындағы демалыс алаңында орналасқан Оңай ата мазарынан 1-2 шақырым жерге демалыс алаңын және жылы санитарлық-гигиеналық торап салдыру ісін қолға алған.

Аудан ақсақалдарының көтерген мәселесіне арғы тегі атамен рулас «Ақсары» аталған асхананың басшылығы, иесі де түсіністікпен қарап, ата аруағын қастерлеу мақсатындағы іс-шараға қолдау білдіреді деп санаймыз. Әрине, әбден орнығып алған соң ғимаратты түгелімен көшіру оңайға соқпасы анық. Дегенмен, мәселе жөнінде жергілікті әкімдіктен білгеніміздей, кәсіпкердің нысаны Оңай ата зиратынан 1-2 шақырым қашықтықта орналастырылып, шаруашылығын ұйымдастыру үшін ауданның кәсіпкерлері мен жергілікті әкімдік бірлесе көмек беруге әзір.

Гүлзада САЛИКОВА, Мақат ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button