Атыраудағы газ өңдеу зауытына 2 мың жұмысшы қажет
Газ өңдеу зауытында қазір 700-дей адам еңбек етеді. Жазға қарай жұмысшы саны 2 мыңға дейін өседі, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бұл туралы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың Атыраудағы газ өңдеу зауытының жұмысшыларымен кездесуі кезінде айтылды.
Аталған зауыт Каспий қайраңындағы «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған. Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін кәсіпорыннан болашақта 727 млн текше метр пропан, бутон секілді тауарлы газ, 218,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығатын болады. Осы заманғы ең озық технологияларға негізделген жобаның құрылысы 2025 жылдың жазында аяқталуы тиіс. Жоба жетекшілерімен жүздескен Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов құрылыс барысымен егжей-тегжейлі танысып шықты Сорсоң ол еліміз бойынша газ өнеркәсібі саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жоба авторларының айтуынша, «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газдың құрамында 17 процент күкірт сутегі бар. Мақсат — сол зиянды қалдықтарды тазалап, кәдеге жарату.
Құрылысты жүргізуші мердігер компания басшысының орынбасары Жомарт Жасановтың айтуынша, мұның өзі бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс екені белгілі. Сондықтан ілеспе газды зауытта өңдегенде оның құрамындағы күкірт тазаланып, 2-3 сатыдан өтеді. Нәтижесінде. түйіршіктелген күкірт сатуға шығарылатын болады. Өңдеуден өткен газ (пропан, бутан) күкіртке қарағанда айтарлықтай таза, құрамы да талапқа сай келеді.
“Бұл біздің еліміз үшін экономикалық маңызы зор, әлеуеті мол жоба. Сондықтан да ол Мемлекет басшысының айрықша назарында, ерекше қадағалауында тұр. Энергетика министрлігінің болжамынша, 2025 жылға қарай республикамызда 27.7 млрд текше метр газ тұтынылады. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 30 млрд-қа өседі”,- деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: pixabay.com