Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Атыраудағы ең шалғай Қызылқоға ауданына жаңа жол төселеді

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға ауданынан атағы жер жарған батыр да, шығармасы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ақын-жазушы да, хаты өшпес ғалым да, таңғажайып қасиетімен таң қалдырған әулие де шыққан.

Қай кезде де өркенді өзгерістер мен толайым табыстарға қол жеткізген шалғай өңірдің бүгінгі тыныстіршілігі, даму қарқыны қалай? Аудан әкімі Арман БАЖЕНОВ газет тілшісіне Қызылқоға өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп берді.

– Арман Сырымұлы, қойнауы құтты өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері туралы айтсаңыз.

– Біз әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді әр тоқсан сайын саралаймыз. Мәселен, биыл тоғыз айда өнеркәсіп саласында өндірілген өнімнің көлемі 90, 9 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде 575,3 мың тонна «қара алтын», 12,1 млн. текше метр газ өндірілді. Осы мерзімде негізгі капиталға жұмсалған инвестиция 10,0 млрд. теңгеге жетті.

Мұндай оң көрсеткіш өзге салаларға да тән. Ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына серпін беретін бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер – 100,8, ал, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 115,4 пайызға орындалып отыр.

– Ауыл шаруашылығы саласында нендей өзгеріс бар?

– Қызылқоға – ежелден төрт түліктің мекені. Өйткені, бұл өңірдің шөбі шүйгін, жері құнарлы, төрт түлік өсіруге өте қолайлы. Қазір ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 554 338 гектар жер бөлінген.

Ауданда 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив, 2 агрофирма, 6 өндірістік кооператив, 296 шаруа қожалығы бар. Қазіргі таңда төрт түліктің саны артып, мүйізді ірі қара – 32256, қой мен ешкі – 142148, жылқы – 16935, түйе 1802-ден асты. Шаруагерлеріміз төрт түліктен 8,0 мың тонна ет, 12,0 мың тонна сүт өндіріп отыр.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 9,5 млрд. теңгеге жетті. Сонымен қатар, қазір тұрғындарға сапалы ет өнімін ұсыну үшін аудан орталығы – Миялы селосында екі мал сою пункті, бір мал сою алаңы жұмыс істейді. Осындай алаң Мұқыр, Ойыл ауылдарында да бар.

– Ауданда қандай әлеуметтік нысандар салынып жатыр?

– Әлеуметтік сала ұдайы назарымызда. Биыл теміржол торабының бойында орналасқан Сағыз ауылында 290 орындық балабақша пайдалануға беріліп, ауыл бүлдіршіндері барлық талапқа сай жасақталған жаңа ғимараттың табалдырығын аттады. Қарабау ауылында да 100 балаға арналған осындай балабақша бой көтерді.

Сонымен қатар, Жангелдин ауылында округ әкімдігінің ғимараты пайдалануға берілді. Оқушыларға сапалы білім беру үшін мектеп салу ісіне де зор көңіл бөлініп отыр . Қазір Мұқыр ауылында құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 424 орындық білім ордасының құрылысы салынуда. Ал, Жантерек ауылында 60 орындық мектепті қабылдау жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қаракөл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Сағыз ауылында жанұялық-дәрігерлік амбулатория нысандары салынып жатыр.

– Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу, жолдарды жаңғырту туралы не дейсіз?

– Біздің ауданда 10 ауылдық округ және соларға қарасты 16 елді мекен бар. Бұларда тұрғын үй салғысы келетін тұрғындардың қатары көп. Мәселен, Миялы ауылында – 184, Сағыз ауылында – 160, Мұқыр ауылынан 142 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу толықтай аяқталды. Оның құны 644 132,0 млн. теңгені құрады.

Ал, 2014 жылы құрылысы басталған «МиялыИндер» бағытындағы күре жолдың 129 шақырымы жөнделді. Миялы жағынан бастау алған төсеме жол Жангелдин, Жасқайрат, Көздіқара, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылдарын байланыстырып тұр. Бұл нысан желтоқсан айында пайдалануға тапсырылмақ.

Аталған жол бойындағы округтерде кірме және ауылішілік жолдары салынды. Сондай-ақ, Сағыз ауылының 6,8 км және Мұқыр ауылының 4,7 км кірме және ауылішілік жолдарын төсеу жұмыстары басталды.

– Өрісі малға толы ауданда кәсіпкерліктің даму деңгейі қалай?

– Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1598-ді құрап отыр. Олардың 74-і – заңды тұлға, 298-і шаруа қожалығы болса, 1226-сы – жеке кәсіпкерлер. Жыл басынан бері 8 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 8 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қазір аудан тұрғындарына 176 сауда нысаны, 1 базар, 50 қоғамдық тамақтандыру, 95 халыққа қызмет көрсету орны және 32 өндіріс нүктесі қызмет көрсетуде. Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша 77 жобаға 736,5 млн. теңгенің несиесі берілді.

– Тұрғындарды жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау бағытында не істелді?

– Бұл кезеңге дейін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» шеңберінде бірқатар жұмыстар жүргізілді. Осы бағдарлама аясында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне баулу мақсатында 163 адам оқу-дәрістерін аяқтады.

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 42 адам 193,4 млн. теңгенің шағын несиесін алды. Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 6 адамға 31,0 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Биылғы тоғыз айда 530 отбасынан 3035 алушыға 208,3 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.

Әңгімелескен:

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button