Атыраудағы балалар үйінен мақсатсыз қаржы жұмсалған
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жоспарлы аудиторлық іс-шара жүргізу барысында 95 723,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 9 285,2 мың теңгесі қаржы бұзушылығы екендігі белгілі болды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі. Бұл туралы Атырау облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жалғас Букаев мәлімдеді.
–Мекеме теңгеріміне кірістелмеген жаңа ғимарат Талғайраң елді мекені, №7 ғимаратта орналасқан 2 қабатты 8 отбасылық үй, әкімшілік ғимараты, акт залы, монша, қоймалар, күзетші ғимараты және гараждардан тұратын құрылыс кешенінің коммуналдық шығынына өткен жылдың қыркүйек айынан бастап желтоқсан айына дейін жалпы сомасы 4 591,3 мың теңгенің шығыны жүргізіліп, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілген. Нәтижесінде, лауазымды тұлғаларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 207 бабы бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы талаптарының сақталмағаны үшін жалпы сомасы 2 949,7 мың теңгеге 22 әкімшілік іс және Кодекстің 238 бабы бойынша бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарын бұзу фактілерімен сомасы 172,5 мың теңгеге 2 әкімшілік іс қозғалып, толықтай жергілікті бюджет есебіне өндірілді,-деді Жалғас Букаев.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ