Атырауда жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталды
Атырауда күзгі-қысқы кезеңге жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталды. Бүгінде қалада жеке жылу қазандықтарынан жылу алатын 69 көп қабатты тұрғын үйге 21 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Олар өз қаражаттары есебінен жылу қазандықтарын жуып шаю жұмыстары және жылу жүйелеріне қысқы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің 5056 метр болатын жылу және ыссы су құбырларына ағымдық жөндеу жұмыстары жасалуда.
Күні бүгінде «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесі тарапынан жылу орталығындағы 3 жылу қазандықтарын жуып шаю жұмыстарымен қоса 14 үйге дейінгі жылу құбырларын тексеру, «Атырау Жылу Жүйелері» АҚ мекемесімен 11 жылу беру бекеттеріне қызмет көрсету жұмыстары жасалуда.
Сондай-ақ, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-і 12 жылу қазандығынан жылу алатын 39 көп қабатты тұрғын үйге қысқа дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Биыл қала әкімдігінің теңгеріміндегі тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің 8 800метр болатын жылу және ыссы су желілерін жаңарту жұмыстарына ашық электронды конкурс жарияланып, қорытындысы күтілуде.
Сонымен қатар, мамыр айынан бастап пәтер иелері кооперативінің тапсырысы бойынша қаладағы 1153 көпқабатты тұрғын үйлердің, оның ішінде, орталықтандырылған жылу жүйесінен жылу алатын 1031-не гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жасалмақ. Бұдан бөлек, иесіз деп саналатын 336 көп қабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына, яғни, гидравликалық сынақ жұмыстары мамыр айында басталмақ.