Атырауда жыл басынан бері 58 мыңға жуық жол ережесі бұзылған
atr.kz/15 қыркүйек, 2020 жыл. Оның басым бөлігі Атырау қаласында орын алған. Жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда қандай деңгейде? Жалпы, жолдағы қауіпсіздікке кім жауапты?
Адам өмірін алып жатқан апаттарды қайтсек азайтамыз? Біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнəзира Мұхтарованың хабарлауынша, бүгінде жолдағы заңбұзушылықтар азаймай тұр.
– Атап айтқанда биыл жеті айда 57 993 жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 91 970 болды. Орын алған деректерде жүргізушілердің дені қауіпсіздік белдігін тақпау, бағдаршамның қызыл түсін елемеу, мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді өрескелдіктер жасаған.
Осылайша, əкімшілік-құқық бұзғандарға заң нормаларына сəйкес салынған 488 млн. 18 мың 853 теңге көлеміндегі айыппұлдың 344 млн. 403 мыңнан аса теңге мемлекет пайдасына өндірілді, — деді Гүлнəзира Мұхтарова.
Рульде – мас адам
Аймақта жол ереже сін бұзғандардың арасында ішімдік ішіп, темір тұлпарды тізгіндегендер азайған жоқ. Жыл басынан бері мұнайлы өңір полицейлері 467 мас жүргізушіні ұстады. Оның 370-і Атырау қаласының көшелерінде жүргенінде тоқтатылды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, мас күйінде рульге отырғандар Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, яғни, «Жүргізушінің көлік құралын мас күйде басқаруы» бойынша əкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Тексеру нəтижелерінде 46 адамның мас күйінде көлік жүргізгенімен қоса, жүргізуші куəліктері де болмағаны анықталды. Бұл құқық бұзушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, жауапқа тартылды, — деді Қамза Бақтығалиұлы. Құжатсыз жүргендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі төрт адам, үш жүкті əйел жəне кəмелетке толмаған екі жасөспірім болды. Мəселен, тексеру кезінде облыс орталығында тəртіп сақшылары «Nissan Juke» көлігін тоқтатып, жүргізушісі 32 жастағы жүкті əйелдің ішімдік ішкендігін анықтады.
Мамандандырылған əкімшілік соттың қаулысымен ол жүргізуші құқығынан айырылды. Облыстың бас полицейінің айтуынша, осы жайтқа ұқсас дерек бір аптадан кейін тағы орын алды. Түнгі уақытта қаладағы Сəтбаев-Пушкин көшелерінің қиылысында 17 жастағы кəмелетке толмаған жасөспірім басқарған «Nissan Tiida» маркалы автокөлік тоқтатылды. Жүргізуші куəлігі жоқ тəртіп бұзушыға қатысты жүргізілген сараптама оның мас болғанын дəлелдеді. «Бұл ретте кəмелетке толмаған баланың атаанасы жауапкершілікке тартылып, əкімшілік сот оларға 27 780 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ата-анасына қатысты заңдылық негізінде хаттама рəсімделіп, ювеналды сотқа жіберілді» — деді сұхбаттасушымыз.
Елімізде жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза қатаңдатылды. Оның басты себебі – соңғы жылдары ел көлемінде жол-көлік апатынан қаза тауып, жарақат алғандар санының артуы. Биыл 11 қаңтардан бастап жүзеге асқан заңдылық бойынша мас күйінде көлік жүргізгендер жол апатын жасағанымен, оларға 15 тəулікке қамау жөнінде əкімшілік жаза тағайындалып, жеті жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырылады. Ал, бұл заңбұзушылық қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тəулікке дейін, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру сегіз жылға дейін ұзартылды.
Камера қауіпсіздікті қадағалайды
Сондай — ақ , тəртіп сақшыларының айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар қашан да назардан тыс қалмайды. Өйткені, қазіргі уақытта полицейлердің сенімді серігі – бейнекамералардың қырағылығынан қашып құтылу мүмкін емес. Осы құрылғылардың көмегімен жыл басынан бері 6 415 дерек анықталып, құқық бұзушылар əкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты Жедел басқару орталығының басшысы, подполковник Алтынбек Қайырлиевтің айтуынша, жолдағы заңбұзушылықты қадағалауда аталған орталықтың бейнекамераларының рөлі зор.
– Қазіргі уақытта Атырау қаласының аумағында 759 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың барлығы толық жұмыс жасап тұр. Бұдан басқа, жылдамдықты бақылап, өлшейтін бірнеше техника бар. Бүгінде қала аумағы үлкейіп, жаңадан мөлтекаудандардың бой көтеруіне байланысты осы құрылғылардың санын арттыру қажеттілігі тууда, — деді Алтынбек Қайырлиев.
Жүргізуші куәлігі қалай берілуде?
Жол қателікті кешірмейді. Статистикаға сүйенсек, елімізде орта есеппен жол қозғалысынан жылына екі мың адам ажал құшады екен. Ал, олардың жартысынан астамы – жаяу жүргіншілер. Осы орайда ресми деректер жол көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің кінəсінен орын алатынын дəлелдейді. Қазақстанда жол апатынан зардап шегетіндердің саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан көз жұматындардың санымен пара-пар болса керек.
Жол-көлік оқиғалары ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, одан кейін экономикалық шығын алып келеді. Бұдан басқа, зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелеріне моральдық соққы болары айтпаса да түсінікті. Жалпы, жолдағы заңбұзушылықтардың көптігінің себебі неде? Оған жол беретін кімдер? Интернет желісіндегі мəліметтерге сүйенсек, бұрын бұл жағдайлардың басты себебі жүргізуші куəлігін сату болған екен.
Ал, қазіргі уақытта заң талаптарының қатайғаны баршаға мəлім. Бұл ретте бүгінгі уақытта «көлік тізгіндеймін» деушілерге жүргізуші куəлігі қалай беріледі? Осы сауалдар аясында Атырау қаласындағы
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Осыдан екі жыл бұрын ашылған аталған мекеме көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізушілік куəліктері мен көліктерге мемлекеттік нөмірлер берумен айналысады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Мұса Хайруллиевтің айтуынша, мұнда көліктерін тіркеуден өткізетін не жүргізушілік куəлігін алатын азаматтарға толық жабдықталған.
Мұнда медицина лық текс ерістен өтушілерге комиссия кешенді қызмет көрсетеді. Денсаулыққа қатысты анықтамалардың барлығы жүйеден тексеріледі. Төлем жасау үшін үш касса жұмыс жасауда. Мамандар толық медициналық маска мен антисептикалық құралмен қамтамасыз етілген, салқындату жүйесі бірқалыпты жұмыс жасап тұр. Сонымен, жүргізуші куəлігін иемденгісі келгендер не істеуі керек?
– Автомектептердегі арнайы курсты оқып шыққан соң, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында алдымен теориялық, одан əрі істəжірибелік емтихан тапсырылады. Берілген 40 сұрақтың кемінде 32-сіне дұрыс жауап берілуі тиіс. Əр сұраққа бір минут уақыт беріледі. Осы уақытта емтихан тапсырушының барлық мəліметі жүйеге енгізіліп, бұл бейнебақылау арқылы қадағаланады.
Сынақтан сəтті шыққан үміткер автоалаңда 12 кедергіден тұратын тəжірибелік сынақтан өтеді. Мұнда жүргізушіні автокөлікте орнатылған бірнеше камера бақылауға алады. Ал, жіберген əр қателігі баллдық жүйемен автоматты түрде компьютерге тіркеліп отырады.
Егер жүргізуші 100 баллға жеткізбей сынақты аяқтаса, куəлікті кедергісіз қолына ала алады, — деді сұхбаттасушымыз. Оның айтуынша, бүгінгі күні жүргізуші куəлігін алуда ешбір заңбұзушылыққа жол берілмейді. Қандай да бір айласын іске асырамын деушілерге де мүмкіндік жоқ. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, барлық талаптар бейнебақылау арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, жүргізуші куəлігінің мерзімін ұзарту да онлайн түрде жүзеге асырылады.
Бұл ретте ең бастысы электронды цифрлық қолтаңба болуы тиіс. Компьютер ғаламтор желісіне қосулы болса, e.gov порталына кіріп, қызмет түрін таңдау қажет. Онлайн сұранысқа тапсырыс бітпей тұрғанда жасалатын ісəрекет. Егер куəлік мерзімі бітсе, дəрігерлік тексерістен өту шарт. Ал, куəлікті алғаш алғыңыз келсе, сот қаулысымен жүргізу құқығынан айырылсаңыз жəне өзге санатқа тапсырғыңыз келсе, емтиханнан өту міндеттеледі. Мұның барлығы жүргізуші куəлігін алуда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде қолға алынған қадамдар. Осы талаптардың нəтижесінде облыста биыл жеті айда 17 мыңға жуық жүргізуші куəлігі берілді , — деді Мұса Хайруллиев.
Көлік жүргізу мәдениеті төмендесе…
Бүгінгі күні жолдағы заң бұзушылықтардың, жол апатының алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар көп. Жол қозғалысын қадағалайтын камералар, арнаулы құралдар қойылып, жол айрықтары салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер мен арнайы автокөліктер іске қосылып жатыр. Ал, елді мекендердің біразында жол қозғалысы техникалық құралдар арқылы қадағалануда. Алайда, жол бойында адам өмірінің қиылуы мен жарақат алуы жалғасуда. Ең сорақылығы, соңғы мезгілде топтап қаза табу жиі орын алуда. Өмірі қиылғандардың арасында жастары 15 пен 29 аралығындағылар көп.
Өте өкінішті жағдайлардың бұлайша дендеуіне не себеп? Бұл ретте біз тілдескен тəжірибелі жүргізушілер жолда техниканың рулін ұстай білумен қатар, көлік жүргізу мəдениеті деген ұғымды ұмытпау қажеттігін де баса айтты.
– Əрбір жүргізуші «Сақтансаң, сақтармын!» деген нақылды қатаң есте ұстағаны абзал. Көлік тізгіндегендер өзімен бірге жолаушылардың өміріне жауапты екендігін жете сезінуі тиіс.
Бұл – көлік жүргізу мəдениетіне немқұрайлы қарамау деген сөз. Жол жүру ережелерін қатаң сақтау арқылы өзге көлік иелеріне құрмет көрсетіледі. Яғни, көлік жүргізу мəдениетін таныту арқылы талай келеңсіздіктің алдын алуға болады. Ал, мұндай маңызды жайларға автомектептерде жүргізушілерді дайындағанда міндетті түрде аса мəн берілуі тиіс, — деді елу жылға жуық көлік тізгіндеп келе жатқан махамбеттік зейнеткер Нəсіпқали Шоқан.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА