Атырауда журналистер іскерлігі мен қаржылық сауаттылығын арттырды
Бүгінде азаматтарға өздерін «банк қызметкеріміз» деп таныстыратын алаяқтар жиі телефон соғуда. Олар түрлі айла-әрекеттері арқылы ақшаны жедел шешіп алуды немесе депозитті «қауіпсіз шотқа» аударуды және басқа да «кеңестерін» ұсынады. Мұндай жағдайда әр адам айлаға берілмей, керісінше банкке жедел түрде қоңырау шалуы керек. Сонымен қатар WhatsАpp-ты бұзып, шұғыл түрде қаржы қажеттігін өтініп, тізімдегілердің барлығына хабарлама жібереді. Бұл кезде де алаяқтың арбауына тап болып қалмас үшін мәселенің мән-жайын қоңырау шалу арқылы анықтап алған жөн. Бұл туралы Атырауда журналистердің қатысуымен өткен «Іскерлік журналистика: қаржылық сауаттылық» атты семинар-тренингте айтылды.
«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының бастамасымен және «Halyk Bank» акционерлік қоғамының серіктестігімен ұйымдастырылған іс-шарада бірқатар құнды мәлімет айтылды.
Алдымен, «Halyk Bank» АҚ Атырау филиалының директоры Жанна Майкопова «Интернеттегі алаяқтық. Алдын алу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, алаяқтарға алданып қалмаудың жолдарын жіліктеп түсіндірді. Әр журналистің осы алған білімін кейін өзге де әріптестерімен бөлісуі қажеттігін атап айтты.
Одан соң медиатренер Нәзия Жоямергенқызы «АІ: инфографика, постер, презентация» тақырыбында маңызды мәліметтермен бөлісті. Семинар барысында журналистер жасанды интеллект, оны іскерлік журналистикада қолдану ерекшеліктері туралы білімдерін арттырды. Сондай-ақ постер жариялау, афиша дайындау, инфографика құрастыру, фотоколлаж жасау, сурет салу және ашық дереккөздермен жұмыс жасаудың қыр-сырын меңгерді. Аудио, бейнежазбаны сапалы етіп тазалауды үйреніп, «Chat GPT», «Gemini», «Canva» секілді заманауи бағдарламалармен танысты.
«Іскерлік журналистика: ашық дереккөздермен жұмыс» тақырыбында дәріс өткізген медиатренер Бауыржан Гаппаров медиажурналистика саласында қажетті негізгі ақпараттармен бөліссе,
медиа-тренер Ерсұлтан Хожалепес «YouTube: рейтинг және монетизация» тақырыбында презентация жасады.
Семинарда қатысушылар өзара топқа бөлініп, тәжірибелік жұмыстар жасады. Атап айтқанда, әр топ өзіне берілген тапсырмаларды белгіленген уақыт ішінде сапалы әрі мазмұнды етіп орындап шығуға күш салды. Әр топ өздері дайындаған жобасын таныстырды. Жіберілген кемшіліктер айтылып, түзетілді.
-Бүгінде әлем секунд сайын жаңарып, жаңғыруда. Соған сәйкес журналистер де қажетті білімді игеріп, көштің алдында болуы керек. Бұл үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді қолдана білген жөн. Бұл арқылы әр журналист табыс көзін де арттыра алады. Ең бастысы осы жолда жаңаны үйренуден, оны қолданысқа енгізуден еш тартынбауы қажет, — деді Нәзия Жоямергенқызы.
Екі күнге созылған семинарда журналистер біліктіліктерін арттырып, біраз тәжірибесін шыңдады.
Аталған семинарға БАҚ өкілдерінен бөлек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен болашақ журналистер – студенттер де қызығушылықпен қатысты.
Семинар соңында барлық қатысушыға сертификат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, аталған іс-шара Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау қалаларында өз жалғасын тауып, қараша айында Алматыда медиафорум өтеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА