Атырауда жүргізуші құқығынан айырылса да, мас күйде көлік айдағандар анықталды
Көлік құралын басқару құқығынан айырылса да мас күйінде қайтадан көлік басқарған 6 жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Atr.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың 13 наурыз күні сағат 22:45 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері Бергалиев көшесінде орналасқан «Лидер» супермаркетінің тұсынан Газель автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында аталған автокөліктің 1995 ж.т., жүргізушісінің ішімдік ішкен күйде көлік басқарғандығын анықтады. 25 жастағы көлік жүргізушісінің бұрын да мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 346 бабымен қылмыстық іс қозғалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері дәл осылай көлік басқару құқығынан айырыла отырып, мас күйінде көлік жүргізген 6 жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346 бабымен қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ,
баспасөз хатшысы