Атырауда жолаушыларды жаңа электроавтобустар тасымалдайтын болады (+ФОТО)
Атырау қаласында №14, яғни, Авангард және Вокзал маңы ықшамауданы бағытында жолаушылар тасымалдайтын жаңа электроавтобус жолға шықты.
Әзірге бұл оның сынақ режиміндегі алғашқы сапары. Осы уақытта автобустың қанша энергия жұмсайтыны, нақты рентабельділігі және жолаушылар үшін қаншалықты қолайлы екендігі анықталады. Егер сынақтан сүрінбей өтсе, осындай қосымша тағы он көлік алынады деп болжануда.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент басқарушы директоры Саламат Омаровтың айтуынша, автобус Қытай Халық Республикасындағы ең танымал автобус шығаратын «Ютонг» зауытынан шығарылады.
Ал, Қазақстандағы өндірушісі – «Сарыарқа» автопром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.
Көліктің жалпы сыйымдылығы 80 адамға есептелген. Бір күндік қуаты 250 шақырымға жетеді.
Автопарк базасында арнайы қуаттандыру нүктесі бар.
– Облыс әкімдігі тарапынан біздің корпорацияға жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөнінде арнайы тапсырма берілді.
Осы мақсатта «Ақжайық автопарк» атты жаңадан тағы бір біріккен мекеме құрылды.
Сол арқылы жаңа электроавтобустар алу бастамасы көтеріліп отыр, — дейді Саламат Жақсылықұлы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ