COVID-19: Соңғы поштадан...Жаңалықтар
Атырауда жеке көлікпен жүруге тыйым салынды
Аtr.kz/16 сәуір, 2020 жыл. Атырауда карантиннің созылуына байланысты, жеке автокөлікпен қала ішінде жүруге тыйым салынды.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов осы мәселе бойынша қосымша түсінік берді.
- Атырау облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезінде жұмыс жасауға рұқсат етілген кәсіпорындар персоналды алып жүруді тек қызметтік көлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Жеке автокөлікті пайдалануға қатаң тыйым салынды.
- Бұның ішіне кірмейтіндері – азық-түлік дүкендеріне тауар жеткізетін, дәріханалар желісіне дәрі мен медициналық өнімдер, қоғамдық тамақтану орындарынан (мейрамхана, бар, асхана және басқалары) онлайн жеткізумен айналысатын көліктер,-деді С.Шапкенов.
Сонымен қатар, автокөліктің әрбір жүргізушісі өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруі тиіс – ұйыммен келісім-шарт және анықтама, жеткізу мекен-жайы, жеке куәлігі, тауар тасуға рұқсатын растайтын басқа да құжаттар.
Сондай-ақ, әкімнің бірінші орынбасары атап өткендей, ерекше жағдайларда жеке автокөлікті пайдалануға құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құқық беріледі.- Егер бәрі өзінің көлігімен жүретін болса, карантин енгізудің мәні болмайды. Ертеңгі күннен бастап карантиндік режим күшейеді. Қаланың өмірін қамтамасыз ететіндерден басқалар толық оқшауланады. Барлығыңызды бұған түсіністікпен және жауапкершілікпен қарауды сұраймын,-деп атап айтты С.Шапкенов.
Полиция қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін, ҚР ӘҚБК-нің 476 бабына сәйкес (төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін) әкімшілік айыппұл немесе әкімшілік қамау қолданылады.- Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған көлікті айыппұлдық автотұраққа жібере алады.