«Жедел жәрдемдіктер» түсті жарысқа… (+ФОТО)
Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. Нұр-Сұлтан қаласында «жедел жәрдем» бригадаларының IV республикалық жарысы өтті. Бұл сайыста Атырау өңірінен қатысқан облыстық «жедел жәрдем» стансасының қызметкерлерінен құралған топ алғаш болып бақ сынады.
Ұлттық жедел медициналық кординация орталығы ұйымдастырған жарысқа еліміздің әр түкпірінен 18 команда қатысты. Шет мемлекеттерден келген халықаралық деңгейдегі сарапшылар қазылық етті. Жарыстың басты мақсаты – осы конкурсты жалпы оқу мәселесі бойынша қосымша жаңа тренинг өткізуге пайдалану.
Осы орайда атыраулық команда жүрек-өкпе реанимациясы, жүкті әйелді босандыру кезінде, жол-көлік оқиғаларында адамдарға алғашқы медициналық қызмет көрсету ережелерін мүлтіксіз орындады.
– Бүгінде мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне, соның ішінде «жедел жәрдем» қызметіне баса көңіл бөлінуде. Мұның бір шарасы ретінде осынау жарысты ұйымдастырудың маңызы зор. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, республикада 2021 жылға дейін соңғы техникамен жабдықталған 800-ге жуық жаңа көлік сатылып алынады. 2025 жылға дейін сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 550 мың теңге болады.
Мұның барлығы – «жедел жәрдемшілерге» көрсетілген қолдау, тұрғындар үшін медициналық қызмет сапасын арттырудағы қадамдардың бірі. Бұл жарысқа атыраулық «жедел жәрдемшілер» өткен жылы да белсене қатысты, — дейді атыраулық команда мүшесі, аталған стансаның дәрігер-кардиологы Лаура Жанысбаева.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ