Жарнама
Жаңалықтар

Өтепберген Әлімгереевтің қос кітабының тұсауы кесілді

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада жазушы, өлкетанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өтепберген Әлімгереевтің «Дарабоз дабысы» және «Қызыл кітап» атты кітаптарының тұсау кесу рәсімі өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Іс-шара өлке тарихын кең көлемде зерттеп жүрген жазушының біртуар тұлғалардың өмірі мен күрес жолдары туралы тарихи деректер негізінде жазылған жаңа туындыларын насихаттап, оқырман қауымға кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

baza 3

Жиында ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қадыр Жүсіп автордың өлкеге деген жанашырлығын, ұрпаққа үлгі тұтар тұстарын атап өтті.

— Бүгін Ө.Әлімгереевтің «Дарабоз дабысы» және «Қызыл кітап» атты кітаптарының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартуда. Өтепберген біздің облысымыздағы қарымды қаламгерлердің бірі әрі бірегейі. Оны өлке тарихшысы десек те болады. Өйткені ол батыстан шыққан бірқатар қаламгерлеріміздің шығармашылығы жөнінде көп жазды. Өзі күйші болмаса да күй туралы, күйшілер туралы бірнеше еңбегі бар. Өңіріміздің барлық қаламгерлерін, өнер адамдарын, жалпы тарихы мен батыр тұлғаларымызды терең зерттеп, халыққа жан-жақты таныстыруда. Сондай-ақ Өтепбергеннің шығармалары тек қана газет бетінде қалмай, кітап болып басылып, республикаға танылуда. Бүгінгі тұсауы кесілген еңбектері де халқымыздың сүйікті кітабына айналуына тілектеспін, — деді Қ.Жүсіп.

baza 1

Кітаптың тұсауын Қадыр Жүсіппен бірге музыка зерттеушісі, композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Өмірзақ Қажымғалиұлы кесті.

Іс-шараға белгілі тұлғалар мен С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің және Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысты.

Айта кетейік, автордың «Қызыл кітап» туындысында өзі туған Атырау аймағының басқа өңірден өзгешеленетін салт-дәстүр түрлері, ұмытылып бара жатқан этнографиялық құндылықтары, тарихи тұлғалары мен олардың отбасы жайлы айтылған. Ал, «Дарабоз дабысы» кітабында ұлы күйші Құрманғазының сазгерлік қырымен қатар, халық ауызында жүрген аңызға толы ақындығы мен батырлығы жайлы баяндалған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button