Атырауда Жастар жылы аясында қайырымдылық турнир өтті (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. Атырау селолық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінде Жастар жылы аясында ауыл жастарының ұйымдастыруымен кіші аяқ доптан турнир өткізілді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ильяс Шайхиевтің айтуынша, екі күнге созылып, көпшілік арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізуге, бірлікке, ұйымшылдыққа шақыруды көздеген бұл турнирде «Ардагерлер» құрамасы және 1987-1998 жылдары аралығында туған жастардан құралған 12 команда өзара бақ сынасқан. Дода барысында әр команда қайырымдылық ниетте ақшалай қаражат жинап, ол жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мақсатында жұмсалатын көрінеді.
Тартысқа толы жарыс нәтижесінде ақтық сында 1993 жылы туған жастар 1989 жылы туған ауыл жігіттерінен басым болып, байраққа тігілген кубоктың иегерлері атанды. Ал, қола медаль 1997 жылы туған ауыл жастарының еншісіне тиді. Сонымен қатар, бұл жарыста Артур Қайрекесов – «Үздік қақпашы», Әділет Дүйсенғали – «Үздік қорғаушы», Нұрберген Нашимов – «Үздік сұрмерген», Данабек Қуаныш – «Үздік шабуылшы», Асхат Қабделов – «Үздік ойыншы» атанды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ