Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда Жастар күніне орай зияткерлік сайыс өтті

Халықаралық жастар күніне орай Атырауда білім мен тапқырлықты, логика мен эрудицияны тоғыстырған «Atyrau Quiz» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды.

8be701c8 4e46 423a 91d8 eba922ec6a4f

Абай атындағы орталықта өткен сайысқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастардан құралған 22 команда жиналды. Оларды бір арнаға тоғыстырған тек жеңіске деген ынта ғана емес, өз білімдерін әртүрлі салада сынап көруге деген ортақ құлшыныс еді.

Сайыс сұрақтары тарих пен әдебиеттен бастап, спорт, дін, адам физиологиясы және өңіртану тақырыптарын қамтыды.

«Қай елде баскетболдағы дәл түсірілген лақтырудың ұпай жүйесі өзгеше?», «Адамда қанша сүт тісі болады?», «Шеттік дегеніміз не?» – осындай сауалдар қатысушыларды әрі ойландырды, әрі қызықтырды.

Алты кезеңнен тұрған ойынның әрқайсысы өзіндік тақырыпқа арналды: тарих, мәдениет, өнер, ғылым және жергілікті таным.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы мұндай зияткерлік ойындардың дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Бұл тек жарыс емес. Мұнда жастар жаңа ақпарат алып, жаңа достар табады, командалық жұмыс дағдыларын дамытады, – деді ол.

Мақат ауданынан іріктеу кезеңі арқылы қатысуға мүмкіндік алған Ерболат Таласұлы ойыннан алған әсерімен бөлісті.

– Сұрақтар аса қиын болған жоқ, бәрі көңілден шықты. Қазақстанның танымал тұлғалары жайлы сұрақтарда сәл ойлануға тура келді. Бірақ бұл – білімді толықтыруға жақсы мүмкіндік, – деді ол.

Сайыс қорытындысында жеңімпаз атанған үш команда диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал барлық қатысушыларға алғыс хат табысталды.

Жеңістен де қымбат сый – қызықты өткен кеш, достық ахуал және ортақ әсерге толы естеліктер болды.

Ботагөз ИСАТАЙ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button