Атырауда жасалған өнімдерге шетелдіктердің сұранысы артуда
Atr.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл. Атыраулық «Эртри» серіктестігі шығарған арнайы киімдер мен арнайы аяқ киімдер шетелдіктердің ерекше сұранысына ие болып отыр.
«Біздің өнімімізді негізінен «Теңізшевройлдың» мердігерлері – құрылыс, мұнай-газ салалары, күзет қызметінің өкілдері пайдаланады. Олардың қоятын талабы өте жоғары, сапасыз дүниеге ақша жұмсамайды. Сондықтан, ыждағатты ісімізбен міндет биігінен көрінуге жұмыстанудамыз» деді кәсіпкер Олег Тасуньян шағын өндірісінің бүгінгі тынысымен таныстырып жүріп.
«Эртри» ЖШС қызметін 1992 жылы бастады. Бүгінде 47 адам еңбек ететін цехта өндірістегі оқыс оқиғалардан қорғайтындай, химиялық әсерлерден сақтандыратындай сапалы, арнайы аяқ киімдер дайындалады. Арнаулы киімдер де техникалық шарттарға сәйкес келеді. Еліміздің батысындағы бірден бір кәсіпорын 2010 жылы «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алды. 7 пайызы «Даму» қоры арқылы өтелген қаражат құрылымның жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік берді.
–Жеңілдікпен берілген несие қазір де өндірісімізді кеңейтуге жағдай жасауда. Атап айтқанда, 20 млн. теңге негізгі қаржы болса, 10 млн.-ы айналымдағы қаржыны толықтырып отыр. Соның негізінде жаңа жылдан бастап жаңа өнім түрін шығаруды жоспарлаудамыз, — деді Олег Тасуньян.
Кезінде тігін кәсіпшілігімен айналысқан кәсіпкер аяқ киім өндірісінің күрделілігін айтады. Өнімнің бір сыңарын жасаудың өзіне 16 құрылғы жиынтығы керек. Аяқ киім дайындамасы, өндіріске қажеттіліктер Қытайдан тасымалданады. Елімізде бұл саланың дамуына барынша қолдау көрсетілудің нәтижесінде Шымкентте былғары зауыты ашылып, жұмысын бастады. Оның өнімін атыраулық кәсіпкер де өндірісте пайдалануда. «Біз үшін басты проблема – шикізат тапшылығы. Қазақстанда ашылған жалғыз өндіріс орнының арқасында жоғымызды тауып отырмыз. Бұл ауқымды жобаларда қазақстандық қамтудың үлесі жоғарылауына мүмкіндік береді, — деген кәсіпкер аяқ киім өндірісінде проблемалар аз еместігіне тоқталды.
Сапалы өнім шығару үшін көлемді қаражат қажет. Ал, еліміздегі банктердің несие пайызы өте жоғары. Мемлекеттің қолдауы, «Даму» қорының демеуі арқасында кәсіпкерліктің дамуына жол ашылуда. «Сондықтан, бір өнім шығарсақ та, оның сапалы болуына ерекше назар аударамыз» деді сұхбаттасушымыз.
Атыраудың тағы бір кәсіпкері Мөлдір Мұқанованың бүгінгі кәсібі – тігіншілік. Балықшы кентіндегі «AJAR» Ателье» тігін цехында тапсырыстың түрі қабылданады. Ерлер мен әйел адамдардың ұлттық киімдері тігіледі.
–Тұтынушыларымыздың қатары көбеюде. Оған біздің сапалы қызметіміз себепші болып отыр деп ойлаймыз. Сондықтан, өндіріс ауқымын өсіріп, қосымша адамдарды жұмысқа алу жоспарымыз бар, — деді Мөлдір Мұқанова.
Тігін цехына жылжымалы мүлік сатып алу үшін кәсіпкер «Сбербанкке» жүгінген. Алған несиесінің пайыздық мөлшері 14 пайызды құраса, соның 5,6 пайызын мемлекет өтеп отыр. «Даму» қорының Атырау филиалы директорының орынбасары Есенжан Мусағалиевтің айтуынша, Атырау облысы «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы шеңберінде кепілдендіру бойынша елімізде үшінші орында.
–2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша биыл орталықтан 255,9 млн. теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен қосымша 390 млн. теңге бағытталып отыр, — деді «Даму» қорының өкілі.
Азамат БАЗАРБАЕВ