«ZHAS PROJECT» жобасына – 478 млн теңге!
Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Елімізде жастар саясатын дамытудың бірден бір жолы – түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыру болып табылады.
Солардың санатында Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп іске асыруды жоспарлаған «Zhas Project» жобасын атауға болар еді. Оның аясында Атырау облысынан ұсынылған 260-қа жуық жобаны қаржыландыруға 478 млн.теңге көлемінде қаражат тартылды. Бұл жобаға қатысуға тілек білдірген 800-ден астам адамның ішінде 41-і мүмкіндігі шектеулі жастар екен.
Осы орайда, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, бұл жобаның басты мақсаты – жастарды ел игілігі жолында пайдалы қызметпен айналысуға бағыттап, өмірлік маңызы дағдыларды қалыптастыру арқылы белсенділігін арттыру. Айрықша атап өтер жайт, жобада жоғары немесе арнаулы орта (кәсіби) білімі жоқ және жұмыссыз, жұмысы болғанымен табысы төмен жастарды көбірек тартуға басымдық берілген.
Осылайша, тек өткен жылдың өзінде осы жоба шеңберінде облыста 42 білім беру, 36 демалыс және шығармашылық орталығы, сонша ет пен сүт өнімдерін өндіретін шағын шаруашылық, 21 спорт пен фитнес клубы ашылды. Мұның сыртында, қоғамдық тамақтандыру мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсету желісін кеңейту мақсатында наубайхана, кондитерлік цех және дәмхана (барлығы 17), сондай-ақ, 16 тігін шеберханасы мен 15 сұлулық салоны. т.б. нысандар іске қосылды.
«Zhas Project» биыл одан әрі жалғасады.
Дәулетқали АРУЕВ