
Атырауда жаңа зауытты жобалау жөніндегі келісімге қол қойылды
Атырауда қазақстандық «Texol Steel Technology» ЖШС мен қытайлық Hubei Provincial Mechanical and Electrical Institute GROUP Co., LTD. инжирингілік холдингі арасындағы келісімге қол қойылды. Тараптар теміржол вагондарына арналған ұсақ және орташа құйма болат бөлшектерін шығаратын зауыт құрылысын жобалауды бастауға уәделесті, — деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Келісімнің шарттарына сай, қытайлық компания алдағы бес ай ішінде болашақ зауытты жобалап бітіруі тиіс. Бүгінде белгіленген алаңда қосалқы және кеңсе ғимараттарының құрылысы басталып, кірме жолдар салынып жатыр. Негізгі өндірістік цехтардың құрылысы 2025 жылдың аяғында бастау алады. Толық өндірістік цикл 2027 жылдың басында қосылады.
Бұл кәсіпорын Атырау вагон құрастыру зауыты базасында жасақталып жатқан вагон машина құрылысы индустриалды кластерінің бір бөлігі болмақ. Өндірістік қуаты жылына 30 000 тоннаға дейін құйма бөлшек шығаруға мүмкіндік береді. Онда вагон құрастыруға қажетті тірек, өкшелік, тартқыш, букса корпусы сынды негізгі бөлшектер шығарылмақ. Өндіріске негізгі шикізат ретінде жергілікті материалдар – металл сынықтары мен ферроқосымшалар пайдаланылмақ.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Атырау облысында шамамен 500-дей түрлі бағыттағы жаңа жұмыс орны ашылады.
Келісімге қол қою рәсіміне қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жаңа жобаның маңызына тоқталды.
— Біз бүгін құйма бөлшектер шығаратын зауыт жобасын іске асыруды бастағалы тұрмыз. Бұл — аймақтағы өте маңызды жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, өндірісті жергіліктендіру — экономикалық өсу және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды стратегиялық міндет. Бұл жоба Атыраудағы индустриалдық кластердің дамуына жаңа серпін береді. Біз инвесторларға заңнама талаптары аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Атырау мұнай мен газ ғана емес, өнеркәсіптік, логистикалық орталығына айналып келеді. Жобаның сәтті іске асарына сенімдімін, серіктестерге алғысымды білдіремін.
Келісімге қытай тарапынан Hubei Institute техниалық директоры Юан Юн, «Texol Steel Technology» ЖШС-інен TEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава қол қойды.
Айта кету керек, TEXOL – сығылған газ және мұнай өнімдерін тасымалдайтын, сондай-ақ жылжымалы құрамды жөндеуге және қызмет көрсетуге негізделген қазақстандық жетекші компания. Атырауда 2024 жылдан бастап индустриалды кластерді іске асырып келеді, оның қатарында «Махамбет» вагон сервис орталығы және Атырау вагон құрастыру кластері бар.
Hubei Provincial Mechanical and Electrical Institute GROUP Co., LTD — жобалау, энергетика және машина құрылысы саласындағы қытайлық (Ухань) ірі инжинирингілік компаниялардың бірі.