
Атырауда жаңа халықаралық рейс ашылды
Атырауда алғаш рет Атырау – Ташкент бағыты бойынша халықаралық рейс ашылып, жолаушыларды тасымалдады. Өңір авиациасын дамыту, облыстағы халықаралық әуе қатынасын кеңейту мақсатындағы рейсті Fly Arystan әуе компаниясы жүзеге асырды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Жаңа бағыт бойынша әуе қатынасы аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады. Компания рейс жиілігін маусымдық сұранысқа байланысты өзгертіп отыруы мүмкін.
FlyArystan президенті Ричард Леджер жаңа рейстің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, компанияның Атыраудағы стратегиялық жоспарларына тоқталды:
- Атыраудан FlyArystan компаниясының ішкі және халықаралық бағыттағы бірнеше рейсі бар. Бүгінде әуе компаниясының халықаралық бағыттағы рейстері көбеюде. Атыраудан Шарм-эль-Шейх, Анталья, Кутаиси қалаларына ұшатын рейстердің қатарына Ташкент те қосылды, – деді ол.
FlyArystan әуе паркі 27 ұшақтан тұрады, ал ай соңына дейін олардың саны 28-ге жетпек. Компания басшысы алдағы уақытта Қазақстан ішінде де, шетелде де рейстер жиілігін арттыру және жаңа бағыттарды ашу жоспарланғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Ричард Леджер FlyArystan компаниясының Атыраудан Кавказ аймағына, Парсы шығанағы елдеріне және Түркияға жаңа рейстер ашуға мүдделі екенін айтты.