Атырауда Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға батқан ер адам құтқарылды
10 наурыз күні Атырау қаласы Жұмыскер мөлтек ауданы маңында Жайық өзені бетінде мұз ойылып, 1 адамның мұзға түсіп кеткені туралы құтқарушыларға шақырту түскен.
«Жайық өзені жағасында түнгі уақытта балық аулап отырған 2 адам көмек сұраған дыбысты естіп, мұз ойылып, құлап кеткен адамды көреді. Дереу құтқарушыларға шақырту беріп, мұз астына құлап кеткен адамды құтқаруға кіріседі. Көмек сұраған азаматты қайыққа мінгізіп, өздері қайық үстінде мұз ортасында қалады. Балықшылардың қолдан жасалған қайығы 3 адам үшін жұқа мұз үстінде қауіпті болатын. Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жетіп, мұз үстінде қайықта отырған 3 адамды құтқару жұмыстарына кіріседі. Құтқарушылар қайыққа арқанды лақтырып, оны жағаға сүйреп, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді», — деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жайық өзеніне суға құлаған ер адамның жасы шамамен 35-40-тің аралығында, ал оны құтқаруға тырысқандар 1979 жылғы ер адам мен 2004 жылғы жасөспірім екені анықталды. Үшеуі де жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырылды. Олардың жағдайы қалыпты.