Атырауда зейнеткерлер таңертеңнен бері белсенділік танытып, дауыс беруде
Дамба ауылында үш адам әкімдікке кандидат ретінде тіркелді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
№68 сайлау учаскесінде тұрғындар белсенді түрде өз дауыстарын беріп жатыр. Әсіресе, ақсақалдар белсенділік танытуда. Олардың арасында 74 жастағы Абат Каресов те бар.
– Мен жақын арада біздің ауылда тек жақсы жаңалықтар болады деген үмітпен дауыс бердім. Біз ауыл тұрғындарымен бірге сайлайтын болашақ әкіміміз ел игілігі үшін жұмыс жасайтынына сенімдіміз. Барлық үміткерлер осы ауылдан шыққан және олар ауылдың проблемаларын жақсы біледі. Бұл бізге бейтаныс адам келгеннен гөрі анағұрлым жақсы, – деді Абат Каресов.
Білім беру саласының ардагері Гүлжан Ғайнеденова да ауылдың дамуына өз үлесін қосты.
– Ауылда сапалы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Бірақ шешілмеген мәселелер де аз емес. Сумен, электр қуатымен проблемалар бар, кейбір көшелерде асфальт жоқ. Бұл проблемалар жақын арада шешіледі деп үміттенемін, – деді Гүлжан Ғайнеденова.
Ләззат Сәлімова