Атырауда VІ халықаралық фестиваль өтті
«Дос жүрегін шекара бөле алмайды» атты Атырауда VІ халықаралық фестиваль өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараны Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған. Оған Астрахань мен Атырау облысының делегаттары қатысты. Көршілес елдер халықтары мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді, мемлекетаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау мәселелерін арқау еткен басқосуды Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова ашып, құттықтау сөз сөйледі.
–Ресей мен Қазақстанды әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы байланыстырады. Екіжақты қарым-қатынастың үлкен көлемі өңіраралық ынтымақтастыққа келеді. Шекарада бір-бірімен тығыз байланысты Ресейдің 12 субъектісі мен Қазақстанның 7 облысы орналасқан. Қазіргі уақытта біз Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығының артып келе жатқанына куә болдық.
Біздің ортақ міндетіміз — болашақ ұрпақ үшін осы жылы, достық, одақтас қарым-қатынастарды қорғау және дамыту. Осы маңызды міндетті іске асыруда, халықаралық, мемлекетаралық байланыс орнатуда, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіндік орны бар. Соның айғағы — бүгінгі өтіп жатқан Қазақстан Республикасының Атырау және Ресей Федерациясының Астрахань облыстары этномәдени бірлестіктерінің «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» халықаралық фестивалі, деді Г.Сүйеуова.
Мұнан кейінгі құттықтау сөз кезегі көршілес елдер мен аймақтардан келген делегация өкілдеріне берілді. Басқосуда «Каспий аймағы елдеріндегі жастар саясаты: рухани әлем, құндылық бағдарлары, патриотизм, шығармашылық бастамаларға жетелейді» тақырыбы талқыға түсіп, әңгіме арқауына айналды.
Кейін жергілікті өнерпаздар ұсынған фестивальдің концерттік бағдарламасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Оған жиырмаға жуық шығармашылық ұжымнан 18 этномәдени бірлестіктер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Ішкі саясат басқармасының басшысы қатысушыларға алғысын білдіріп, көрермен қошеметі мен ыстық ықыласына бөленген өнер иелері және ұжымдарын Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар ұсынды.