Атырауда ұшқан шатыр: шығынды кім өтейді?

1 2 Жаңалықтар

Atr.kz/ 16 сәуір, 2019 жыл. Табиғаттың тосын мінезіне өткен  жұмада  атыраулықтар тағы бір мәрте куә болды. Қатты соққан жел облыс орталығындағы көп қабатты үйдің шатырын ұшырып әкетті.

Оқиға жұма күні Атырауда түс мезгілінде Абай Құнанбаев көшесінде орын алған еді.  Шатыр оқиға орнында жүріп бара жатқан көліктердің үстіне құлады. Абырой болғанда, тұрғындар арасында қаза тапқандар немесе жапа шеккендер жоқ. Десе де, тосын оқиға көпшілікті тіксінтіп тастады.

Атырау қалалық әкімдігінен білгеніміздей, Абай Құнанбаев көшесінде орналасқан №19 үй 2012 жылы терможаңғыртудан өткен екен. «Терможөндеу бойынша кепілдік екі жылға беріледі. Яғни, аталмыш үйге берілген кепілдік 2014 жылы аяқталды» деді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз өкілі  Әлия Жамитова.

Көлігі қираған жүргізушінің бірі – Саламат Балапанов. Оқиға болған күні ол Абай Құнанбаев көшесімен жүріп бара жатқанын айтады. «Nissan» маркалы көлік иесінің айтуынша, автомашинаның сақтандыру құжаты жоқ. «Менен басқа жанымда тағы екі көлік жүргізушісі бар. Шатыр жүріп бара жатқан көлігіміздің үстіне құлады» деді ол.

Тосын оқиға салдарынан  темір тұлпары бүлінген көлік иесінің бірі – Артур Басурманов. «Көлігім сақтандырылған. Бірақ, келісім-шартта табиғаттың тосын жағдайларында компанияның жауапкершілік алмайтындығы көрсетілген. Қазіргі таңда шығынды кімнен өндірерімізді білмей отырмыз. Атырау қалалық әкімдігі Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына сілтеп отыр. Ол жердегілер ПИК-ке сілтейді. Мәселеміз әлі толығымен шешілген жоқ» деді Артур телефон арқылы болған әңгімеде. 

P.S. Тосын оқиға бойынша бар білгеніміз осы болды. Ал, анықталмаған тұстары тіптен көп-ақ. Мәселен, терможаңғыртудан өткен ескі үйдің екінші тынысы ашылды деп қуанған тұрғындардың шатырын жөндеуге жұмсалатын қаржының қайтарымы қалай болады? Сол жерден өтіп бара жатып, бүлінген көліктер үшін кім жауапты?

Қалай десек те, басты мәселе жөндеу жұмыстарын жүргізген компания берген кепілдіктің мерзімінде емес, сапасында болуы қажеттігін естен шығарған кім? Жөндеуден өтіп, жаңарған үйдің сиқы осы болса, ескі үйлердің жайы нешік?..

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз