
Атырауда университет жатақханасының ғимараты опырылып түсті
Бүгін, 22 сәуір таңғы сағат 06:00 шамасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасы ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылып түсті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.
Студенттер даңғылы,29 мекенжайында орналасқан ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында университеттің шаруашылық бөлімі бірінші қабаттың қабырғасынан ақау анықтап, бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлаған. Артынша Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіп, оны апатты әрі тұруға қауіпті деп таныды. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 ақпаннан бері бұл жатақханада ешкім тұрмайды.
Қазіргі облыстық құрылыс басқармасы университетпен бірлесіп, апатты қос жатақхананы бұзып, орнына мың адамға арналған заманауи жаңа жатақхана салуды қолға алды. Жобалық-сметалық құжаттаманы «Авангард-ОК» ЖШС әзірлеген. Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.