Атырауда «Ұлы дала барысы – Бейбарыс Сұлтан» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде

5778 Жаңалықтар

Биыл Дешті Қыпшақ даласынан шыққан қайраткер Бейбарыс Сұлтанның туғанына – 800 жыл. Айтулы күнге орай Атырау қаласындағы Балғымбаев орталығында «Ұлы дала барысы – Бейбарыс Сұлтан» тақырыбында халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өтуде. Облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған алқалы жиын ең әуелі тұлғаның рухына Құран оқып, дұға бағыштаудан басталды.

f853299c fb03 47a1 a6a7 ec5b8fc3db36

Даңқты қолбасшы, әмірші, көрнекті мемлекет қайраткері Бейбарыс Сұлтанның өмір жолын, мұрасын дәріптеу,  зерттеушілер ортасының назарын аудару мақсатын көздеген конференцияға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев модераторлық етті.

– Бейбарыс Сұлтан – барша Қазақ елі үшін, соның ішінде Атырау өңірі үшін үлкен тұлға, қайраткер. Өйткені дара туған бабамыздың Атырау өңірінен, Дешті Қыпшақ даласынан шыққан деген нақты дәйектер бар. Сондықтан аталған конференцияның Атырау өлкесінде ұйымдастырылуының мәні зор. Жиында бабамыздың  тарихтағы зор рөлін еске алып,  оның жүріп өткен жолдары мен жауынгерлік ерлігі бүгінгі жастарға рух береді деп сенемін, – деді Жасұлан Орақұлы.

5cd37f5e 3cb0 4127 8944 912e2068bd3c

Іс-шара аясында Бейбарыс Сұлтанның  өмір тарихына арналған ғылыми баяндамалар қатысушылар назарына ұсынылады.

d978970a 4050 48d8 a86e 39b8ad458ce9

Конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, Бейбарыс Сұлтанның Ислам дініндегі айрықша орнын атап айтты. Оның есімінің бүкіл шартарапқа жария болғаны бабамыздың дәстүрлі дінімізді биік ұстай білгенінің арқасы екенін нақты дерек, дәйектермен жан-жақты жеткізді.

e82262be 9281 4d85 b8c0 2a7cb9fa8424

Бұдан басқа конференция мінберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей,  «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы» Зерттеу және жариялау бөлімінің басшысы (Түркия Республикасы) Женгиз Томар, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп және өзге де отандық, жергілікті ғалымдар ғылыми баяндамалар жасауда.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз