Атырауда Ұлттық валюта күніне орай уақытша көрме өтті
Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде 15 қараша — Ұлттық валюта күніне арналған музей қорындағы бұрын қолданыста болған теңге коллекцияларынан құралған «Теңге төл тарихы» атты уақытша көрме өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеге әр жылдарда қолданыста болған теңге түрлері және XVIII-XX ғасырлардағы әр елдің қағаз және тиын ақшалары қойылды. Іс-шара еліміздің ұлттық валютасы – теңге мен оның тарихы, ел экономикасындағы маңыздылығы туралы студенттерге түсінік беру мақсатында ұйымдастырылған.
Мәдени шарада Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия-бұқаралық бөлімінің қызметкері Нұргүл Шалимова көрмеде ұлттық валютадан бөлек патшалық Ресейдің, әлемдік валюталардың ақшалары орналасқанын айтып өтті.
— Бізде жыл сайын 15 қараша — қаржы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен ұлттық валюта күні аясында теңге коллекцияларынан уақытша көрме ұйымдастырылады. Биыл бұл мерекенің ерекшелігі — біз теңгенің 30 жылдығын атап өтпекпіз. Сондықтан да бүгінгі көрме ауқымды түрде көрсетілуде. Мұнда ескіден бастап жаңа теңгеге дейін ұлттық валюталар, бұрын қолданылған мыс тиындар қойылды. Көрме барысында студенттер алғашқы теңгелерде бейнеленген белгілі тарихи тұлғалар туралы ақпараттар алды. Сонымен қатар, патшалық Ресейдің, КСРО кезіндегі, әлемдік валюталардың ақшалары орналасқан. Бұл іс-шара арқылы теңге тарихын ұмыт қалдырмай, жас буынға кең көлемде насихаттамақпыз, — деді Н.Шалимова.
Айта кетейік, бүгінде Облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1400-ден астам тиын мен қағаз ақшалар сақталған. Оның 120-дан астамы уақытша көрмеге қойылып, көрермен назарына ұсынылды.