Атырауда тұралап қалған фармацевтикалық зауыттың болашағы қалай шешілмек?
«Құрылысы тұралап тұрғанына қарамастан, ел үшін фармацевтикалық зауыттың қажеттілігі жоғары».
«Бұл туралы атыраулық журналистермен кездескен Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев айтты» деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Кезінде Атырауда фармацевтикалық зауыт тұрғызу үшін қомақты қаражат қаралды. Қаржының 49 пайызын «Атырау» әлеуметік кәсіпкерлік корпорациясы бөлді. Корпорация арқылы 800 млн. теңге көлеміндегі қаражат зауытқа құрал-жабдық алу үшін бөлінген еді.
Компания корпорация арқылы бөлінген қаражатты құрал-жабдыққа емес, құрылыс саласына жұмсап жіберген. Қаражат мақсатты жұмсалмағаны себепті, оны қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша, жоба тоқтап қалды.
Қазіргі таңда зауытта инфрақұрылыммен мәселе жоқ. Жол бар, газ тартылып тұр. Алдағы уақытта зауыттың тағдырына байланысты оң қозғау болады деп сенемін. Қалай десек те, фармацевтикалық зауытқа елімізде қажеттілік бар. Себебі, Қазақстанда дәрі-дәрмек шығарып жатқан үлкен зауыт жоқ. Алматыда, Шымкентте цех деңгейіндегі өндіріс қана бар. Бұл еліміздің қажеттілігі үшін жеткіліксіз» деп атап өтті Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев.
Еске сала кетелік, Атырауда фармацевтикалық өнімдер шығарылатын «LUMPAN CASPIAN PHARMACEUTICALS LLP» зауыты салына бастаған болатын.
3 млрд. 700 млн. теңгеге бағаланған зауыт құрылысы 2017 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Жобаға сәйкес, Атырауда 800 млн. таблетка, 3 млн. сықпа әртүрлі майлар, 20 млн.-ға жуық ерітінді құты шығарылуы тиіс болған еді.
Кездесу барысында депутат Ғұмар Дүйсембаев қоршаған ортаны ластау салдарынан өндірілетін айыппұлдың қайда жұмсалатынын айтты.
«Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны ластауы салдарынан компаниялардан өндірілетін айыппұл енді экологияны жақсарту бағытына жұмсалады. Бұған дейін эмиссиялар бюджетке түседі де, қаражат әлеуметтік немесе экономикалық бағыттарда қолданыла беретін. Ендігі талаптар бойынша, қоршаған ортаны ластауға байланысты түскен айыппұл тікелей экологияны жақсарту бағытына жұмсалалады» деп нақтылады сенатор Ғұмар Дүйсембаев.