Атырауда толассыз жауған жаңбырға орай шұғыл желі ашылды (+ВИДЕО, ФОТО)
Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Атырауда толассыз жауған жаңбырға байланысты «Арнаулы көлік базасы» серіктестігінің аумағынан жедел штаб құрылды.
Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шаһар басшысы Әлимұхаммед Құтұмұратұлының тапсырмасымен құрылған штабқа оның орынбасары Шәкір Кейкін жетекшілік жасады. Тұрғындармен және әлеуметтік мекемелермен тығыз жұмыс істеу үшін телефон арқылы «шұғыл желі» (8-7122-291293) ашылды. Онда су басқан көшелер мен аумақтар жөнінде ақпар қабылданды.
– Жедел жаңбырдың салдарын жою үшін «Арнаулы көлік базасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Атырау су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны барлық су ағызатын құрал-жабдықтарды іске қосты. Көшені су басқаны туралы алғашқы ақпарат түскен бойда шұғыл әрекет етті. Жалпы, қала бойынша 37 вакуумдық машина жұмыс істеп, бір күнде 1300 текше метр су сорылды, — дейді Ш.Кейкін.
Айта кетейік, алдымен шаһардың ескі үйлер орналасқан бөлігі, кейін қалған аумақтар судан тазартылды. Ал, проблемалық учаскелерде жұмыс істеу үшін қосымша техника қарастырылды.
Сонымен бірге, нөсер салдарынан электр желілерінде апат орын алып, дер кезінде ауыздықталды. Бұл бағытта «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамынан 30 бригада жұмылдырылып, үздіксіз қызмет көрсетті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ