Атырауда тегін оқу курсына көп балалы аналардан 115 өтініш келіп түсті
Atr.kz/27-ақпан, 2019 жыл. Атыраудағы «Азаматтық орталық» тегін оқу жобасын іске қосты.
- Күні бүгінге тегін оқу курсына көп балалы, бағымында мүгедек баласы бар, жалғызілікті аналардан барлығы 115 өтініш келіп түсті. Олар бір аптадан бір айға дейін өзі қалаған мамандыққа тегін оқытылатын болады. Аналардың дені тігіншілікті, аспаздықты, визажистік мамандығын меңгергісі келеді, - дейді аталған орталық директоры Әйгерім Досқалиева.
Қазіргі таңда «Ғасыр» оқу орталығында осындай 30 ана оқуын бастап кеткен. Жоба жыл аяғына дейін жалғасатындықтан, жұмыссыз жүрген 300-дей ананың жаңа мамандық меңгеруіне мүмкіндік бар көрінеді. Бала күтімімен, болмаса мүмкіндігі шектеулі сәбиін қараумен отырған аналар – Қарлығаш Малимова, Гүлбақыт Ералиева, Әлия Тәженова, Гүлдана Әжібаева, Мейрамгүл Нұғмановалар бетті әрлеу ісіне қызығушылық танытыпты. Олар өздеріне көрсетіліп отырған осынау көмекке дән риза.
Тегін мамандық меңгергісі келетін басқа да көп балалы, үйінде мүгедек баласы бар, жалғызілікті аналардың Атырау қаласындағы Махамбет көшесі, №88 үйде орналасқан «Азаматтық орталық» мекемесіне жеке бас куәлігімен (балаларының туу туралы куәліктерімен) баруына болады. Байланыс телефоны: 8 778 663 92 63.
Айта кетелік, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің есеп беру жиналысында әлеуметтік жағынан нашар қорғалған топ – көп балалы, жалғызілікті, бағымында мүгедек баласы бар аналарды қолдау басты назарда болатынын айтқан еді.
Лиза СЕЙТІМОВА