
Атырауда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы басталды
Бүгін Атырауда жастардың бастамалары мен кәсіпкерлік әлеуетін қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасына комиссия отырысы басталды. Биылғы грант саны өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға көбейді. Бұл туралы Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллин мәлім етті.

Спикердің айтуынша, биылғы грант жобасы ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттары бойынша жүзеге асуда. Әр сала бойынша үш жобадан іріктеліп, жалпы 18 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілмек.
– Жоба жастардың тек идея ұсынумен шектелмей, оны нақты іске асыруына берілген мүмкіндік. Биыл біз өтінім берушілердің санын 400-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл — өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп, – деді Е.Мутигуллин.
Осы орайда биылғы маусымда Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан кәсіпкер Асылжан Мұхтарова бизнес бағыты бойынша қатысып, өзінің «Ысталған ет өнімдері» жобасымен ерекше көзге түсті. Асылжан Мұхтарованың бастамасымен қолға алынған бұл жоба – дәстүр мен сапаның үйлесімін ұсынатын бірегей кәсіп. Жоба аясында тек табиғи, зиянсыз ет өнімдері дайындалып, дәстүрлі әдіспен ысталып нарыққа деликатес ретінде шығарылады. Ең бастысы, кәсіпорын өнімдерінің құрамында зиянды химиялық қоспалар жоқ, ал ыстауда қолданылатын ольха мен бук ағаштары – экологиялық таза.
– Біздің басты мақсатымыз – ұлттық тағамдарымызды сақтау, халыққа сапалы әрі пайдалы өнім ұсыну. Ысталған қазы, қарта, жаядан бастап, үйрек еті мен майы, түрлі шұжықтар, т.б. өнімдер дайындалады. Тұтынушылардың сенімі – біз үшін ең маңыздысы, – дейді Асылжан.
Жалпы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында осындай жас кәсіпкерлердің шығармашылық әрі экономикалық әлеуетін арттыруға нақты мүмкіндік жасалуда.
Еске сала кетейік, 2024 жылы грант бес бағытта беріліп, 139 өтінімнің ішінен техникалық іріктеуден 94-і өтті. Соңында 10 үздік жоба бір миллион теңгелік грантқа ие болды. Олардың ішінде экология, цифрлық білім, дәстүрлі өнер мен отандық өнім өндірісін дамыту секілді бастамалар бар.
Жобаның басты ерекшелігі – қатысушыларға арнап алдын ала жоба жазу, смета құру және презентация жасау бойынша екі күндік оқыту-тренингінің ұйымдастырылуы. Грантқа үміткерлер – 14-35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ