АТЫРАУДА – ТАҒЫ ДА ҚОНЫС ТОЙЫ
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, тоқсан пәтерлік №19 және №19 «а» тұрғын үйлерге кезекте тұрған жетім балалар, мүгедектер, бюджеттік және мемлекеттік қызметтер саласының қызметкерлері, сондай-ақ, апатты пәтерлер тұрғындары қоныстанды. Ал, 54 пәтерлік №25 тұрғын үй жас отбасыларға арнайы салынған болатын.
Құрылыс жұмыстарын жүргізген «ӘлемЦентрСтрой» ЖШС нысанды белгіленген уақытында тапсырып отыр.
Пәтер иелеріне кілтті салтанатты түрде тапсыру шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов пен қала әкімі Нұрлыбек Ожаев тұрғындармен қуанышты бірге бөлісті.
— Атырау облысында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды түрде іске асырылуда. Өткен жылы облыс бойынша жалпы алаңы 515 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл жарты жыл ішінде 222 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы өз иелерін қабылдады. Бұдан басқа облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті бюджет арқылы әр ауданда көп қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй салынды. Сондай-ақ, алты ауданда бір пәтерлік он үйдің құрылыстары жүруде. Мұндай істер жалғасын таба береді. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! — деп Тимуржан Әдиетұлы, ең алдымен, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер кезегінде 2009 жылдан бері тұрған облыстық білім беру басқармасының бас маманы Зоя Кушановаға пәтер кілтін табыстады.
— Бүгін ерекше қуанышты күн. Баспанаға мұқтаж адамдарға қолдау көрсеткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке алғысымыз шексіз. Елбасының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік саясатты іске асыруда, соның ішінде, аймағымыздың экономикасын дамытуда және әлеуметтік мәселелерді шешуде облыс басшылығы, қала әкімдігі тарапынан көптеген игі іс атқарылып жатыр, — деп Зоя Кушанова облыс және қала басшылығына шексіз ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін қала әкімі Нұрлыбек Ожаев пен қалалық мәслихат хатшысы Бекболат Қазиманов жас отбасы Жанболат және Самал Құспановтарға, сондай-ақ, апатты үйдің тұрғыны Ұлмекен Мүнатоваға пәтер кілттерін тарту етіп, қуаныштарымен құттықтады.
Алты баланың анасы Альфия Ізтелеуова да осыдан бес жыл бұрын пәтер кезегіне тұрғанын айтады. «Кеше қалалық әкімдіктен телефон шалып, қуанышты хабарды жеткізді. Шын мәнінде, алғашында өз құлағыма өзім сенбедім. Бүгін отбасымның қуанышында шек жоқ, ал-ғыс білдіремін», — дейді ол.
Ал, он баланың анасы Дәметкен Жақсығалиева осыдан бірнеше жыл бұрын жұбайынан айырылып, ұрпағын өзі тәрбиелеген. Жеке тұрғын үйдің болмауы үлкен қиындық келтіргенін айтады. Енді бұл қиындықтардың барлығы «Алтын алқалы» ана үшін артта қалып отыр.
Жас отбасылар атынан сөз алған Жанболат Құспанов «Жас отау» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары басталған кезде алғашқылардың бірі болып құжаттарын тапсырған. Енді қоныс тойын тойлауда. «Бұл — елімізде, соның ішінде Атырау облысында жастарға жасалып жатқан үлкен қамқорлықтың көрінісі», — дейді ол.
Бір-бірін құттықтап, қуаныштан көздеріне жас алған бір топ азаматтардың ішінде қолына таяғын ұстаған, кеудесі орден-медальға толған ақсақалды байқадық. Барып, аман-саулық сұрасқанымызда ол да бүгін қуанышқа кенеліп тұрғандығын айтты. Нұрдия Садықов Ұлы Отан соғысы жылдарында моторист қызметін атқарған екен. Сұрапыл соғыс басталған кезде ол небәрі 15 жаста болатын. Жастығына қарамастан, ол жұмысқа белсене араласып, жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан. 84 жасқа қараған шағында қоныс тойын тойлаған ол ардагерлерге қамқорлық танытқан Ел Президенті, облыс басшыларына алғысын айтып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп ақ батасын берді.
Салтанатты шарадан соң облыс және қала басшылары жаңа пәтерлерді аралап, жағдайымен танысты.