Атырауда субұрқақтар құрғап тұр…
Аtr.kz/23 маусым, 2020 жыл. Жаз басталысымен көптеген проблемалардың туындайтыны бар. Нақтысын айтсақ, маусым айы орталанып, ыстық түскеніне қарамастан мұнайлы астана – Атырау қаласындағы субұрқақтардың дені биыл да іске қосылмастан құрғап тұр. Аптап ыстықта олардың осындай жағдайда тұруына не себеп?
Атырау қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Батыржан Мұсақаевтың айтуынша, шаһарда бүгінде жалпы саны 30 субұрқақ бар. Жасақталған жоба-жоспарға сәйкес, әр жылы пайдалануға берілген бұл нысандардың бәрін дерлік қайта жаңғыртып, дыбыстық жүйемен жұмыс жасайтын заманауи формаға алмастыру көзделген. Солардың бірі – облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында орнатылған субұрқақ болатын. Оның еш өзгертілместен осы жерде тұрғанына тоғыз жыл өтіпті. Жоспар бойынша, бұл нысанда да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс еді.
Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Ринат Жаңғылышевтің мәлімдеуінше, бұл нысанды жаңғырту жұмыстары «Атырау қаласының жағалауын абаттандыру» жобасына біріктірілген. Жобалық- сметалық құны 65,2 млн. теңгені құрайтын субұрқақты жаңғыртумен байланысты белгіленген жұмыстарды шілде айында бітіріп, пайдалануға беру жоспарланыпты. Қосымша айта кетсек, Бейбарыс алаңындағы субұрқақтың ұзындығы 34, ені 12 және тереңдігі 0,6 метр. Орта тұсы әртүрлі үлгідегі граниттен жасалып бедерленген шағын сәулеттік формалармен безендірілген. Мамандардың түсіндіруінше, жаңғыртылған кезде де оның әу бастағы кескін-келбетін сақтап қалуға бағыт ұсталынады.
Ал, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры алдындағы алаңның сәнін келтіріп, жаз болса маржандай төгілген суымен сейіл-серуен құрған қала тұрғындары мен қонақтарының жанына салқын самалымен сая болып тұратын субұрқақтың да қозғалыссыз, құрғап тұрғанына бір емес, бірнеше жылдың жүзі болды. Оның үстіне, су жүретін тұрбаларын тот басып, әбден тозығы жеткен. Бұрандалары мен басқа да құрылғылары істен шыққан.
Сол сияқты, қаланың қақ ортасындағы «Ақ Жайық» қонақ үйінің қарсысындағы субұрқақтың да соңғы жылдары бір емес, бірнеше рет өзгертілгені белгілі. Қазіргі уақытта бұл да іске қосылмаған. Тұрғын үй қалашығындағы Құрманғазы мәдениет сарайының алдындағы субұрқақ та күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілгенімен, ара-тұра тұрып қалатын көрінеді. Авангард мөлтекауданындағы бұрынғы №1 мектеп-интернат ғимараты жанындағы саябақта орнатылған субұрқақ та қайта жаңғыртылғанымен, әлі күнге жөнді жұмыс жасамай тұр.
Бүгінгі таңда қалада отыз шақты субұрқақ бар деп саналғанымен, олардың арасында тұрақты жұмыс жасап, игілікке жарап тұрғандары саусақпен санарлықтай. Түйіндей айтқанда, жаздың қақ ортасына дейін саны көп те, сапасы жоқ субұрқақтардың іске қосылмай, құрғап тұруы сөз жоқ, сын көтермейтін, тездетіп шешімін табуды қажетсінетін жағдай.
Дәулетқали АРУЕВ