Атырауда соңғы аптада COVID-19 жұқтыру жағдайы азайды
Atr.kz/20 шілде, 2020 жыл. Өңірде соңғы бір аптаның ішінде қауіпті індетке шалдыққан адамдардың саны 210-ға, азайған.
Бұл туралы ӨКҚ-нің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді.
— Бүгінгі күні облыс көлемінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 8 873 жағдай тіркелген. Бір күннің ішінде 177 адамның қауіпті індетке шалдыққаны айқындалып отыр. Бұрынғы тіркелген жағдайлармен салыстырғанда, бұл соңғы бір аптада COVID-19 жұқтыру жағдайы 210-ға азайғандығын көрсетеді, — деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы коронавирустан жазылып шыққандар саны ауырып шыққан адамдардың 60 пайызын құрайды. Нақтырақ айтқанда 5 253 адам COVID-19-дан айықты.
***
Атырау облысында маусым айынан бері пневмониядан 122 адам қайтыс болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті.
«Бүгінге дейін Атырау облысында пневмонияға шалдыққан 5809 адам тіркелді, 122 адам осы дерттен қайтыс болды. Өткен жылы осы кезеңде пневмониядан 56 адам көз жұмған еді», -деді онлайн-брифингте Нұрлыбек Қабдықапаров.
Оның айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясынан 13 адам бақилық болған. Бұған қоса, тағы осындай 30 жағдайды арнайы комиссия қарап жатыр.
Сондай-ақ, 243 медицина қызметкері қауіпті індетті жұқтырған. Еске сала кетелік, Атырау облысында карантин режимі 3 тамызға дейін созылған еді.
«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»