Атырауда сирек оталардың бірі жасалды (+ФОТО)
Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Литва елінен келген бас ортопед-травматолог Виргилиюс Урбанавичюс облыстық балалар ауруханасында болып, туабіткен ортепедиялық дерттері, церебральды сал ауруы және дамуының әртүрлі патологиялары бар балаларға тегін ота жасады.
Облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматологы Болат Есназаровтың айтуынша, балалар травматологиясын емдеуде қазіргі заманғы әртүрлі халықаралық әдістерді енгізу жергілікті тұрғындар үшін медициналық көмектің сапасын арттырады. Бұл литвалық дәрігер облысқа үшінші рет келуде. Осы сапары барысында барлығы сегіз ота жасау жоспарланыпты. Екі күннің ішінде төрт ота жасалып, сәтті жүргізілді.
– Шетелдік дәрігердің Атырау өңіріне келуі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін «ВІ Жұлдызай» корпоративтік қорының әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Бүгін сал ауруына шалдыққан он жасар балаға ота жасалды. Оның жүрісі бұзылған. Аяғын ішіне қарай басып, соның салдарынан аяқ киім де кие алмайды. Литвалық дәрігер оны өткен жылдың аяғында толық медициналық тексерістен өткізді. Қазіргі уақытта ота жоспарлы түрде жамбас-сан сүйегіне жасалды. Бұл бір сағатқа созылды. Дәрігер отаға қажетті барлық медициналық құралдарын өзімен бірге ала келді. Отадан кейін баланың аяғына гипс салынып, ол төрт-бес апта бойы тұрады. Бұдан кейін ұзақ мерзімді оңалту шаралары жүргізіледі. Көрсетілген барлық ем-шаралар алдағы уақытта оң нәтижесін береді деп сенемін, — дейді Болат Нұртуғанұлы.
Ақ халаттылардың айтуынша, бүгінде бірқатар ата-ана балама медицинаға жүгініп, уақыт жоғалтып алады. Соның нәтижесінде баланың сүйектері қалыпты өсіп кете алмайды. Бұл кейіннен адамның қозғалысын қиындатады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін дәрігерлер шеберлік сыныптарын да өткізіп, ата-аналарға бүлдіршіндерді сауықтыруда жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі туралы кеңестер берді. Дәрігерлердің сөзінше, трамватологиялық оталар сәтті жүргізілсе, қалғаны кейінгі қалпына келтіру, яғни, оңалту шараларына тікелей байланысты болады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ