Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда Шөпенғали Дәуенов атындағы медиа мектеп ашылды

Бүгін Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясында Қазақстанның Құрметті журналисі, бұрынғы облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газеті бас редакторының бірінші орынбасары, ұлт руханиятының өкілі – Шөпенғали Дәуеновтің құрметіне арнайы медиа мектеп ашылды.

Медиа мектептің ашылу салтанатына Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабаев, сала ардагерлері Нұрлан Қабылов, Ермек Биғалиев, облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев және бас редактордың орынбасары Азамат Базарбаев қатысты. Ардагерлер Төлеген Жаңабаев пен Ермек Биғалиев кабинеттің қызыл лентасын қиды.

–Бүгін – біз үшін аса мәртебелі сәт, рухани жаңғыруымыздың белгісі. Қазақстанның құрметті журналисі, ұлттың рухани мәдениетінің айшықты өкілі – Шөпенғали Дәуеновтің есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында ашылған медиа мектептің тұсаукесері болып жатыр. Бұл мектеп тек білім беру орны ғана емес, ол – журналистиканың алтын өзегі, ұлттық болмысымызды, сөз қадірін бойына сіңірген жас буын тілшілерінің киелі ордасы. Журналистиканың асқақ та қасиетті жолына қадам басқан әрбір жас буынға шығармашылық табыс тілеймін. Осы мектепте алған білімдеріңіз сіздерді тек жақсы журналист етіп қана қоймай, азаматтық борышты орындаушы, қоғам үшін қызмет етуші ұлы тұлғаларға айналдырады деп сенемін, — деді Т.Жаңабаев.

Аталған іс-шараға қатысқан қонақтарға «қош келдіңізін» айтқан №44 мектеп-гимназиясының директоры Абай Ақмурзиев аталған медиа мектептің болашақ журналистерге бағдаршам болатынын атап айтты.

–Бұл мектеп жаңа буын тілшілерді тәрбиелеп, оларды қоғам игілігі үшін адал қызмет етуге бағыттайтын зор мүмкіндік. Шөпенғали Дәуеновтің есімі Атырау журналистикасының тарихында алтын әріптермен жазылды, ал оның есімімен ашылған медиа мектеп бұл мұраны жалғастырып, жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа жол ашатын бастама болары сөзсіз. Журналистикадағы ең басты құндылықтар – шындықты іздеу, әділ болу, қоғамның дауысы болу осы медиа мектептің ұстанымына айналады деп сенеміз, — дейді А.Ақмурзиев.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

One Comment

  1. Медиа мектептің ашылу салтанаты – шығармашылыққа, білімге және жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды қадам. Бұл бастама бүгінгі цифрлық дәуірде сапалы контент жасау мен кәсіби медианы дамытуда өте маңызды. Медиа мектептің жұмысы жемісті болып, талантты мамандар тәрбиелеуге үлес қосқай!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button