Атырауда шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының қатысуымен халықаралық олимпиада өтеді
Atr.kz/20 маусым, 2019 жыл. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 2-6 шілде аралығында шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының қатысуымен халықаралық олимпиада өтеді.
«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты олимпиаданы облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастыруда. Орталық әдіскері Нұргүл Жайкинаның хабарлауынша, сайысқа қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша шетелдердегі қазақ диаспорасының білім беру ұйымдарының 8-11 (12) сынып оқушылары қатысады.
Қазақ диаспорасының балаларын әлеуметтік-құқықтық қорғау, тілге, әдебиетке, тарихқа ынталандыру, ұлттық мәдениетімізге деген қызығушылықты арттыру мақсатын көздейтін білім додасында 10 команда сынға түседі. Ресей Федерациясының Омбы және Самара облыстарынан, Өзбекстанның Науаи мен Ташкент облыстарынан, Қызғызстан, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Иран, Ислам және Түркия Республикаларынан әр командада 8 оқушы мен 1 жетекшіден жалпы саны 90 шетел азаматы келеді.
Үш кезең бойынша өткізілетін жарыста қатысушылар ең алдымен берілген тақырыпқа шығарма жазады. Екіншіден, қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасы негізінде тест жүргізіледі. Үшінші кезеңде сайыскерлер «Менің болашағым – Қазақстан» тақырыбында үй тапсырмасы бойынша ән айтудан, театрландырылған көрініс қоюдан немесе өлең оқудан бақтарын сынайды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.