
Атырауда «Senat Open» шахмат турнирінің іріктеу кезеңі өтті
Бұл сайыс облыста екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Өңірдің 7 ауданының және Атырау қаласының шахматшылары тартысты ойын көрсетіп, жеңімпаздар жеке және командалық есепте анықталды. Сонымен қатар арнайы алты санат бойынша ардагерлер, әйелдер, мәслихат депутаттары мен қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық кеңестер мен БАҚ өкілдерінің арасынан шыққан үздік ойыншылар қосымша марапатталды.

Турнир бүкіл елді қамтиды: биылғы маусымда іріктеу кезеңдері он қалада өтті. Алда — Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Шығыс және Батыс аймақтарында өтетін бес жартылай финал бар. Олар 15 маусым мен 9 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Финал 29 тамыз күні Астанада өтеді.
Еске сала кетейік, кубок өткізу идеясын ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұсынған болатын. Ал Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл бастаманы қолдап, өткен жылдың өзінде-ақ кубокқа еліміз бойынша 2000-нан астам шахматшы қатысты.

Осы жылы турнир Түркістан, Шымкент, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларында, Алматы облысының Бесағаш ауылында, Тараз бен Қызылордада өтті. Оған дейінгі турларға 1000-нан астам шахмат әуесқойы қатысқан еді.
Қазақстан шахмат федерациясының Атырау филиалының директоры Назгүл Мырзағалиеваның айтуынша, жарыстар тек спорттық нәтижелер тұрғысынан ғана маңызды емес — олар әртүрлі мамандық пен жастағы адамдарды біріктіріп, шахматты баршаға жақын етеді.
Бүгінгі жарыста үздік шыққан 35 мықты ойыншы Орал қаласында өтетін «Батыс» жартылай финалында Атырау облысының намысын қорғайды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев